2021 жылдың 15 сәуірі мен 15 мамыры аралығында Қазақстанның 12 облысында кең ауқымды "Киік" табиғат қорғау акциясы өтеді. Бұл туралы Экология министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Акцияның мақсаты – лактация кезеңінде киіктерді қорғауды күшейту, сондай-ақ ел аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады. Оның барысында құқық қорғау органдарымен бірлесіп киік мүйіздерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және оларды елден тыс жерлерге шығару бойынша шаралар күшейтіледі.

Іс-шараға 200-ге жуық инспектордан тұратын мобильді топтар, 64 бірлік жоғары өтімді автомашина, "Охотзоопром "ӨБ" РМҚК-ның 12 "КУНГ", "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшақтары, сондай-ақ Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелерінің, құқық қорғау органдары мен Шекара қызметінің қызметкерлері жұмылдырылды.


Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстан облысында 805 дана киік мүйізін алып бара жатқан браконьерлер ұсталды


Айта кету керек, 2019 жылы браконьерлік үшін заңнаманы қатаңдату үшін ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді, оған сәйкес заңсыз аң аулағаны үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейін қатаң жазалар көзделген. Бұдан басқа, киіктердің санын сақтау және ұлғайту мақсатында 2020 жылы Экология министрлігі ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, Қазақстанның бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын 2023 жылға дейін пайдалануға тыйым салды.

Сонымен қатар, өткен жылдардағы табиғатты қорғау іс-шараларының нәтижелері ақбөкеннің мүйіздерін заңсыз өндіруге сұраныс әлі де жоғары екенін көрсетеді. 2020 жылы Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары киікке браконьерліктің 85 дерегін анықтады. Нәтижесінде 727 ұшаны және 3 489 киік мүйізі тәркіленіп, жалпы шығын 2,4 млрд теңгені құрады.