Не себепті балаларды мектепке алты жастан беру керек?

Бұл сұраққа Білім және ғылым министрлігі жауап берді. "Ашық диалог" сайтындағы Министрдің блогына күн сайын мыңдаған сұрақ түсіп отыр. Олардың басым бөлігін балаларын алты жастан мектепке бергісі келмейтіндер қойыпты.

"2019 жылдың 1 қаңтарынан бастан 6 жасқа толған бала 1 сыныпқа баруы тиіс" деген шешімді қабылдамас бұрын, БҒМ балаларды ерте жастан оқытудың халықаралық тәжірибесіне зерттеу жүргізген. ЮНЕСКО-ның мәліметінше, әлемнің 204 елінің 134-де (65,7%) балалар алты жастан бастап мектепке қабылданады. 42 (20,6%) елде бала мектепке 7 жастан барады. "Балаға 6 жасында айналасындағылардың бәрі қызық, бәрін танығысы келеді. Бала-бақшаға барған бала осы жаста бастапқы білім беру бағдарламаларын оқуға дайын" дейді министрліктегілер.

Елімізде автокөлік жолдарына еуропалық үлгідегі жол белгілері орнатыла бастады

Белгілер бірінші болып Жамбыл облысындағы тас жолдың бойына орнатылды. "Қазавтожол" мамандарының айтуынша, жаңа құрылғының республикалық маңызы бар жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Қараңғы кезде жол жиегіне жарық түсіріп тұратын белгілер жүргізушілердің назарын аударып, апаттың алдын алуға мүмкіндік береді.

"ҚазАвтоЖол" алдағы уақытта қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ететін жаңа үлгідегі жол белгілерін халықаралық дәліздер мен республикалық маңызы бар жолдарға орнатуды жоспарлап отыр.

Ұлттық тестілеу орталығының басшылары ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің хабарлауынша, орталықтың 2016 жылғы басшысы мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде құны 9 млн теңге тұратын "Тойота-Камри" маркалы автокөлігін пара ретінде алған. Қазір ол автокөлік тәркіленіпті.

Бұдан бөлек осыған ұқсас заңсыз әрекеттер үшін орталықты 2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін басқарып келген тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ол 2017-2018 жылдар аралығында делдал арқылы жүйелі негізде аса ірі көлемде пара алып отырған. Сот санкциясымен күдіктіге қамауда ұстау түріндегі шара қабылданған.

Тоқаев мемлекеттік компаниялардың құрылуына мораторий жариялады

Мемлекет басшысының мұндай шешімі Ақордада өткен Ұлттық инвесторлардың кеңесінде мәлім болды. "Осылайша елде шағын және орта бизнестің дамуына жол ашылады" деді Президент. Бұл тұрғыда Үкіметке қыркүйек айына дейін мемлекеттік компаниялардың қызметіне ревизия жүргізіп, олардың санын қысқарту жөнінде ұсыныс әзірлеу тапсырылды.

Жамбыл облысының тұрғындары дәрігерге тексерілу үшін Қырғызстанға барады

Сенат депутаты Ә.Бектаев 150 мың тұрғыны бар Қордай ауданына қатысты мәселені көтерді. Айтуынша, аймақтағы жергілікті емхананың материалдық жағдайының төмен болуына байланысты халық Қырғысзтанға барып емделуге мәжбүр. "Бұл – әлеуметтік қана емес, саяси мәселе" дейді депутат.

Сенатордың сұрағына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Дауылбаев жауап берді. Шенеуніктің сөзіне сенсек, қазір емхана құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде. Бюджеттен қаражат бөлінсе, құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.

Астана әуежайының бас есепшісі ұйымның 1,3 млрд теңгесін жымқырған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро таратқан мәліметке сүйенсек, күдікті бұл қаражаттарды іс жүзінде жоқ шарттар мен жұмыстар бойынша жалған шот-фактураларды шығарумен айналысатын 23 фирманың есеп айырысу шоттарына аударған. Келтірілген залалды аудиторлық тексеру тұжырымы растапты.

Бас есепші сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің лауазымды тұлғаларына 16 млн теңге көлемінде пара берген деген күдікке ілініп отыр. Қазір осы фактілер бойынша оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Қырғызстанның екі министрі отставкаға кетуге өтінішті бір күнде берді

Ауыл-шаруашылық министрі Н.Мурашев мұндай шешімді әуелі денсаулығына байланысты, содан соң халықтың сынына сәйкес қабылдағанын жария етті. Экономика министрі О.Панкратов та соңғы уақытта көп сынға қалып жүргенін жасырмады.

Премьер-Министр М.Әбілғазиев екі министрдің де өтінішін қабылдады. Түпкілікті шешімді Президент қабылдауы тиіс.

Президенттікке кандидаттардың дебаттары 29 мамырда өтеді

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлейменнің айтуынша, теледебат Хабар арнасынан көрсетіледі.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Күзет қызметшілерінің формасы өзгереді. ІІМ Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, олардың киімдері бірыңғай стандарттарға негізделетін болады. Ішкі істер министрлігі елдегі мәдени-көпшілік шараларда қоғамдық тәртіпті күзетуге жеке күзет ұйымдарын да тартуды көздеп отыр.

Baq.kz: 25-27 мамыр аралығында күн жауын-шашынды болады. Республиканың оңтүстігінде күндіз ауа температурасы плюс 28…33°С көтерілетін болса, ал солтүстік және шығыс облыстарында түнде 3°С дейін үсік жүру қаупі сақталады. Бұл Қазақстанның солтүстік аймағына Ресейдің европалық территориясының солтүстігінен және Оралдан ылғал және суық ауа массаларының келуімен байланысты болады, ал оңтүстік аймақтарға Орталық Азиядан жылы ауа массалары келеді.

24.kz: Сұраныс көп ЖОО-дың ұлттық рейтингі жарияланды. 2019 жылы рейтингте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті жетекші көшбасшы болды.