Президенттің баспасөз хатшысы: Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де твитті өзі жазады
Берік Уәлидің айтуынша, Мемлекет басшысы әлеуметтік желілерді үнемі қадағалап отырады.Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында твитті өзі жазады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли "Хабар24" телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
"Кез келген мемлекеттік лауазымды тұлғаның әлеуметтік желідегі парақшасын көмекшілері немесе баспасөз қызметі жүргізеді деген қасаң пікір бар. Мемлекет басшысы Twitter-де твитті өзі қадағалап, өзі жазып, халыққа өзі ұсынып отыр. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жолдауда жария етті. Твит арқылы тапсырмалар бергенін өздеріңіз білесіздер. Мысалы, "мемлекеттік рәміздерді әркім өз үйінде қолданыла алмайды" дегенге президенттің өзі твит жазып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау туралы тапсырма берді. Оны дер кезінде депутаттар іліп әкетіп, қолданыс аясы кеңейтілді", – деді Берік Уәли.
Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық БАҚ-қа сұхбат бермейді деген сынға жауап берді. Оның сөзінше, мемлекет басшысы отандық мерзімді басылымдарға сұхбат беріп жүр.
"Сұхбатқа келгенде көп адам мемлекет басшысын дұрыс түсінбей жатады. Жалпы сұхбат беріп, осындай пікір алмасқаннан гөрі президент істің адамы десек болады. Сөзден гөрі іске ден қойып, тапсырмалар беріп оның орындалуын қадағалайды. Алдағы уақытта телеарнаға сұхбат беру ойда бар", – деді ол.
Берік Уәли президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақыратынын және өзі қазақстандық QazVac екпесін салдыратынын атап өтті.