Қазақстанда Covid-19 жұқтырғандар саны 92 662-ге жетті. Олардың 67,5 пайызы емделіп шыққан. Кешегі күнмен есептегенде індеттен жалпы саны 1 058 адам қайтыс болды. Оның 34-і өткен тәулікте жан тапсырған. Елдегі эпидемиологиялық жағдай қашан тұрақталады? Карантиндік шектеулер алына ма? Күзгі маусымда ауру тағы өрши ме? Бұл сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, қиын кезең артта қалды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғанын хабарлады. Оның сөзінше, Қазақстанда індет жұқтырудың қарқыны бәсеңсіп, ел шарықтау шегінен өтті. Бүгінде ауруханалардағы орын саны 34%-ға босаған. 30 мыңға жуық науқас қана әлі де ем алуда.

"Ендігі біздің міндетіміз – барлық адамдар және бүкіл денсаулық сақтау жүйесі үшін де осы жағдайды тұрақты ұстап тұру", – деді министр.

Елдің бас дәрігері аурушаңдық пен өлім-жітім де азайғанын тілге тиек етті. Оның мәліметінше, өткен тәулікте коронавирустық пневмонияның 798 жағдайы тіркелген. Ал нарықта дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі артып, дәріханалардың алдындағы дүрбелең кезек те басылған. Сондай-ақ, Алексей Цой Қазақстандағы эпидаухалы жақсарған бірқатар аймақтарды да атап өтті.

"Жағдай Батыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Түркістан, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ елордада жақсарып келеді. Осылайша, біз Қазақстандағы коронавирустық инфекциямен жағдайды тұрақталды деп толық сеніммен айта аламыз", – деді Алексей Цой.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлемді тұрақты негізде жасау: масылдық па әлде қажеттілік пе?

Covid-19 және пневмония статистикасы біріктірілді. Дәрігерлердің өтемақы мәселесі қаралады

Брифинг барысында Алексей Цой пневмониямен ауырған дәрігерлерге өтемақы төлеу мәселесіне де тоқталды. Ол қазір өтемақы мәселесі бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.

"Барлығы пневмония мен covid-19 статистикасы біріктірілгенін ескере отырып, тамыз айына дейін анықталған жағдайлар бойынша медицина қызметкерлеріне өтемақы төленетін-төленбейтіні туралы сұрап жатыр. Біз бұл бағытта жұмыс істеудеміз және әр жағдайды жеке-жеке мұқият қарастырамыз. Біздің әріптестеріміздің ешқайсының алаңдауына негіз жоқ", – деді Алексей Цой.

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда жалпы саны 8 мың 518 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Олардың қаншасының пневмонияға шалдыққаны туралы дерек жоқ.

КВИ жұқтыру қарқыны баяуласа, шектеу кезең-кезеңімен жеңілдетіледі

Денсаулық сақтау министрі көпшілікті алаңдатқан маңызды сұрақ, карантинді жеңілдету мәселесіне де тоқталды. Алексей Цойдың айтуынша, карантин эпидемиологиялық ахуал толық жақсарғанда алынуы мүмкін. Ал коронавирус инфекциясын жұқтырудың қарқыны баяуласа, шектеу шаралары да тиісінше кезең-кезеңімен жеңілдетіледі.

"Карантинді ұзарту мәселесі әлі таразы басында, біз үшін аурудың өршу не азаю динамикасы маңызды екенін түсіну керек. Алдағы екі аптада мәліметтерге мониторинг жасаймыз. Егер ауру жұқтыру қарқыны тұрақты түрде азайса, оған қатысты жоспарымыз бар. Ол жағдайда біз мемлекеттік комиссияға шараларды кезең-кезеңімен төмендету қажеттігі туралы баяндадық", – деді денсаулық сақтау министрі.

Оқи отырыңыз: Үйден тыс жерде маска тағу міндеттелді. Тәртіп бұзғандар айыппұл төлейді

Күз бен қысқы маусымда қауіп мол. Министрлік індеттің күзгі толқынына дайын ба?

Алексей Цой індеттің күзде де белең алып, адамдарға жаппай жұғуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Дегенмен, ол күзгі маусымнан жақсы өтеміз деген үміті барын да жасырмады.

"Біз күзде коронавирустың күш алуын еңсеруге дайындалудамыз. Қазір дайындалған төсек-орындар бізде резервте тұр. Жасанды тыныс алу аппараттары сатып алынуда, мобильді жылжымалы медициналық кешендер, оттегі концентраторлары, тесттер, жеке қорғаныс құралдарының көлемі жинақталуда. Барлығы біздің бақылауымызда. Менің ойымша, біз күзгі маусымнан жақсы өтеміз", – деді Алексей Цой.

Қазақстанда пневмониядан қайтыс болғандар саны екі есе өскен

1 тамыздан бастап елімізде Covid-19 және пневмония статистикасы біріктіріліп есептелетін болды. Осының нәтижесінде ауру мен өлім статистикасының күрт өсуі байқалды. Дегенмен, Алексей Цой, нақты пневмониядан көз жұмғандар саны қанша екеніне тоқталды. Оның мәліметінше, биыл бұл дерттен қайтыс болғандар саны екі есе көбейген.

"Пневмонияның вирустық, бактериялық, коронавирустық пневмония сынды түрі көп. Былтыр 2 тамызға дейін бұл сырқатқа 76 985 адам шалдыққан. Биыл 256 541 науқас тіркелді. Өлім көрсеткішіне тоқталсақ, өткен жылы пневмониядан – 2 033 адам, биыл осы күнге дейін – 4 042 адам қайтыс болды", – деді денсаулық сақтау министрі.