Пневмония белгілері қандай және қалай оның алдын алуға болады?
2009 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп "Пневмонияның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі жаһандық іс-қимыл жоспарын" жариялады.
Биыл 11 жыл қатарынан 12 қарашада бүкіл әлемдегі балалар өліміне себепші болатын ауру – пневмонияға қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені пневмонияны жыл бойы жұқтыруға болатынына қарамастан, дәл күздің соңғы айы, медицина қызметкерлерінің деректері бойынша, тұмау және басқа да жұқпалы аурулардың өршу кезеңі болып саналады. Бұлардың аясында пневмонияның өршуі мүмкін.
Пневмонияның негізгі себептерінің бірі – пневмококк инфекциясы, ал оның қоздырғышы - пневмококк. Пневмония – бұл өкпе тіндерінің қабынуы, негізінен, ол альвеоланы зақымдайды және ондағы қабыну сұйықтығын дамытады. Аурудың алғашқы белгілері:
- дене қызуының жоғарылауы;
- кеуде тұсының ауыруы;
- қақырықты жөтел.
Атипті пневмонияда құрғақ, өнімсіз жөтел болады, екінші симптомдары басым – бас ауруы, тамақтың қышуы, әлсіздік және тез шаршау. Диагностиканың негізгі әдісі – флюорография – өкпенің рентгенографиясы, онда өкпенің қараюы, сондай-ақ, қақырық себіндісі байқалады.
Оқи отырыңыз: Тұмаудың алдын алудың тиімді жолы қандай? Маман кеңесі
Пневмонияның алдын алу жолдары:
- үй-жайды үнемі желдетіп отыру, тұрғын үйді таза ұстау;
- салауатты өмір салтын ұстану: зиянды әдеттерден бас тарту, толыққанды демалыс және қалыпты дене жаттығуларын ауыстырып отыру;
- суықтан сақтану;
- темекі шекпеу және темекі шегетін жерлерден аулақ болу: пассивті темекі шегу бронхтың жұмысына кері әсер етеді;
- тұмауға қарсы екпе салдыру керек, өйткені пневмония, көбінесе, тұмаудың асқынуы болып саналады. Екпе алған адамдардың пневмониямен ауыруы мүмкін екеніне қарамастан, ауру екпе алмаған адамдарға қарағанда оңай өтеді;
- тұмаумен сырқаттанушылықтың өршу кезеңінде науқас адамдармен байланыста болудан аулақ болу, тыныс алу мүшелерін қорғау үшін бетперде тағу, адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тарту ұсынылады;
- үй-жайларда желдету және ылғалды тазалау режимін сақтау қажет.
Оқи отырыңыз: Қан қысымы тұрақты болуы үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі
Егер сіз немесе балаңыз ауырып қалса, баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеу керек, одан да дәрігерге қаралыңыз. Жай-күйі ауыр жағдайда дәрігерді үйге шақыру қажет және ешбір жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайды.
Қазақстанда пневмококк инфекциясына қарсы тиімді 13-валенттік вакцина қолданылады, ол пневмококктың 13 патогенді түрін қамтиды.
Бұл вакцина балаларға Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес егіледі. Сондай-ақ өкпенің созылмалы аурулары бар қауіп-қатер тобындағы адамдарға және 65 жастан асқан қарт адамдарға вакцинация алу ұсынылады.
Иммунитетті нығайту, вакцинациялау, ЖРВИ алғашқы белгілері кезінде дәрігерге уақытылы қаралу, сонымен қатар емдеуші дәрігерден кеңес алу кез келген аурудың алдын алуға көмектеседі. Өзіңізді қорғаңыз және профилактика – кез келген ауруға, оның ішінде пневмонияға қарсы күрестің ең тиімді әдісі екендігін естен шығармаңыз.