Бізге Олимпиада керек пе?
Промоутер Нұраддин Садық спорт саласын тұтастай масылдық психологиядан арылтып, коммерциализациялау керек деп есептейді.Соңғы Олимпиададағы сорлы ахуалымыз туралы айтпаған ауыз, жазбаған қол қалмаған шығар. Қалай дегенмен де, бұл күйге ерте ме, кеш пе, келетініміз белгілі болатын. Токио Олимпиадасы нақты көрсетіп берді.
Біздің бұған дейінгі Олимпиадалардағы жетістіктеріміз кездейсоқтық дей алмаймын, алайда, қыруар ақшаның күшімен жеткеніміз айдан анық. Олимпиадалық спорт түрлерін әспеттегеніміз соншалық, қалған спорт түрлері – тоқалдан туған баладай теперіш көріп келді. Бүкіл игілік, жақсылық, бюджеттен қаржыландыру соларға үйіліп-төгіліп, спорт саласын жемқорлыққа батқан салалардың біріне айналдырды. Салдарында тұтас салада иждивенттік психология қалыптасты. Ал оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз.
Енді не істемек керек? Қайтсек, еліміздің имиджін әлемдік ареналарда қалыптастыруға болады? Мұның жауабы біреу. Тұтас саланы масылдық психологиядан арылтып, коммерциализациялау керек. Ол үшін жекелеген футбол клубтарын, Astana секілді түсініксіз клубтарды бюджет есебінен қыруар қаржымен қолдан жемдегенді доғару керек.
Әділет министрлігінде заңды тіркелген федерациялардың, клубтардың жұмыс істеуіне бірдей жағдай жасап (кедергі келтірмей), нарықтық бәсекелестікке жіберу керек. Жекелеген футбол клубтары мен түсініксіз элиталық клубтардан үнемделген қаржыға елді мекендерде тегін секциялар ашып, жастарды көптеп тарту керек.
Нарықтық заңдылықтарға икемделген промоутерлік компаниялардың жұмыс істеуіне қолдау көрсетіп, жұмыс істеу процесін жеңілдету керек. Себебі, бізде іс жүзінде әлі күнге олардың жұмысы жүйеленбеген. Ерінбеген мемлекеттік орган жұмысына араласып, мәтіби болуға құмар. Бюрократиялық кедергілер шаш етектен. Ең сорақысы – біздің айналысатын аралас жекпе-жектің кәсіпқой промоушендары үлкен халықаралық турнир өткізу үшін әуесқой федерацияның "батасын алу" керек. Осы секілді кейбір пысықайлардың кесірінен қолдан жасалған кедергілер жетерлік.
Алпауыт спорттық державаға айналған Америка секілді елдер мұндай масылдық принциптен баяғыда-ақ арылған. Сол себепті, оларда кәсіпқой жекпе-жек түрлерінің салмағы басым. Промоутерлік компаниялары қыз-қыз қайнап, бюджет қаржысын шашпақ түгілі, мемлекетке миллиардтап салық құйып отыр. Бізге де осы жолды таңдау керек. Бір ғана Геннадий Головкиннің біздің елді танытуға, имиджіне қосқан үлесі, тұтас Олимпиадалық құраманың атағынан артық болғанын ұмытпау керек. Ал біздің бірнеше Гена шығаратын потенциалымыз бар. Тек соған сенсек болғаны...
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.