Меніңше, әйелдерді өз мүмкіндіктерінен шектеуге қоғамда ешкім бастамшыл жасап жүрген жоқ. Қазақ әйелдері ежелден-ақ толыққанды бостандық иесі. Қазақ отбасындағы әйел – шаңырақтың ұйытқысы. Олар қазір қандайда бір саяси немесе жаппай отбасылық қысым көріп жүр деп айта алмаймын. Керісінше, бізде әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту механизмдері кеңінен қарастырылған. Қазақстандағы гендерлік теңдік стратегиясы да ретімен жүзеге асырылуда.

Иә, қоғамдағы әйел мүмкіндіктеріне қатысты жекелеген мәселелер жоқ емес. Отбасындағы кейбір зорлық-зомбылық, мәжбүрлі некелесу сияқты олардың еркі мен құқықтарын шектейтін факторлар бар. Мұнымен күресуіміз керек. Бірақ, бұл бүкіл қазақ әйелдері қорлықта өмір сүріп жатыр деп аттандауға негіз емес.


Оқи отырыңыз: Боратқа неменеге шүйлігеміз?


Жалпы бүгінгі қазақ әйелдерінің қоғамдағы мәртебесі қазақтың көшпелі заманнан қалыптасқан отбасы тәрбиесінің дұрыс жағдайда қалыптасқанының айғағы.

Ал енді 8-наурыз күні Алматыда өткен шеруді қазақ әйелдерінің ұлттық болмысымен еш байланыстыруға болмайды. Бұл аты да, заты да бөтен құбылыс. Қазақ әйелдерінің құқын қорғаймыз деген сол ұйымдардың атауына мән бердіңіз бе? Бірде біреуінің ұлттық сипаты жоқ. Плакаттағы жазуларының өзі тұрпайы. Аты қазақша болғанымен, өте сәтсіз жазылған аудармалар. Олардың идеологиясы бөлек. Арасынан "Қызға қырық үйден бостандық" деген жазуды оқып қалдым. Олар сол қазақтың отбасылық тәрбиесіндегі "қырық тыйымның" негізінде ұлттығымызды сақтап отырғанын біледі ғой дейсіз бе?! "Өз ойыңды айту ұят емес" деп жазып алыпты. Бұл не деген сөз?! Не айтқысы келді? Қазақта ой айту – ұят дегенді кім шығарып жүр?


Оқи отырыңыз: Қателік соңы өкінішке әкеледі


Дұрыс, отбасылық зорлыққа барша қарсы! Әйел теңдігі, әйел мүмкіндігін кеңейту дегендерді қолдаймыз. Бірақ, қазақы сана мен түсініктен жұрдай бұл топ бір мәселені айтамыз деп бүкіл бір ұлттың намысына тиетін әрекетке барып отыр. Сол арқылы қазақ әйелдерінің атына кір келтірді деп санаймын. Мұндай ұйымдардың артында ұлт тамырына балта шапқысы келген "қой терісін жамылған" теріс пиғылдылар тұруы әбден мүмкін. Сол себепті ұлт тұтастығына қауіп тудыратын осындай шараларға ұрынбауымыз керек.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.