Әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, теледидардың тетігін қосып қалсаң да, "алыстан сермеп, қиядан тербеп" жатқан өңшең бір дилетанттардан аяқ алып жүре алмайсың. Мүмкін саясаттың райы солай ма, түсінбедік, әйтеуір екінің бірі өнертану ғылымының меншікті қорасына бір бас сұғып өтуге әуес. Ол әрекеттің ақыры қайда, неге апарып соғарымен әзірге ешкімнің шаруасы шамалы болып тұр. Ақырында, өмірдегі рушылдық ғылымдағы қасіретке айналып бара жатқан тәрізді. Міне, әркім өз күлшесіне қарай шоқ тартудың зардапты салдары.

Жалпы, мәтін танылмай, ақын танылмайтынын бұрыннан да айтып келе жатырмыз. Енді, мына дауға айналған әннің төңірегіндегі түйткілді мәселеге орай, ойымызды жандандыра түсуге тура келіп тұр. Халық арасында "Самал тау" атанып кеткен қырықбойдақ Сапалай Исатайұлының әні бұл күнде екінің бірі жарыса "жырлап" жатқан мәселе болып тұр. Осы бір жанға жайлы қоңыр әнді әрі тартып, бері жұлқып, ақыры былайғы жұрттың Сапалайға қиғысы келмейтіндей түрін байқадық. Олай болса, "Самалтау" мен Сапалайға қатысты бірнеше түйіннің тінін тарқатып көруге тырысайық.

Біріншіден, бүгінгі өнертану ғылымы шерлеп бара жатқан бәкене бойлы саланың біріне айналып тұр. Оның мінәйі себептерін айтып өту үшін де бір арба жан керек. Өңірлік ерекшеліктерден шығатын этникалық сипатты қатаң сақтай отырып, ән әуездері, олардың көпнұсқалы мәтіндерін салыстырып, салғастыра зерттейтін сауатты ғылым жүйесін айтпағанда, бізде ғылыми мекемелер жүйелеуге тиіс ең қарапайым жинау жұмысының өзі (компиляция) жеріне жеткізілген жоқ. Бүгінде аталмыш саланы зерттеген мамандар басын бағып, күнкөріс қамын күйттеп кетті. Озық ойлы оқымыстыларына қоңыз тергізіп жіберген шебер жүйеге не дерсіз? Сондықтан да, бұл салада "балапан басына, тұрымтай тұсына" деген дәуір шеру тартып келеді. "Ай дейтін Ажасы, қой дейтін Қожасы" жоқ қоғамда ешкімге өкпелей алмайтыныңыздың бір себебі сол.

Екіншіден, өнертану ғылымының бастауында тұрған мамандар осы салаға қатысты жасаған іргелі зерттеулерінің материалдарын әуелде халық арасындағы дерек беруші, сөзінің жалғаны жоқ қариялардың аузынан жинады. Кейін бұл үдеріс рухани мұрасы ауыз әдебиеті үлгісінде қалыптасып, дамыған халықтардың бәрінде тегіс осы жүйе негізінде іске асырылды. Қарағанды өңірінде сөз дерегін мүдделерге тарта сөйлеуді білмейтін Жақсыбай Сүлейменов есімді қария тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жақаңмен жүздесіп, "Самалтау" әнінің тарихы мен оның иесі жайында талай сырға қанығып, естігенімізді дыбыс таспасына жазып алған едік. Арқаның жоны мен Бетпақтың белін тең жайлаған қалың Арғын мен Алшын жұрты жасаған көл-көсір рухани қазынаның ақиқаты керек болса, сол көнекөздің сөзіне жүгінсе де, бүгінде әлеуметтік желіні жайлап алған көбігі көп пікірлерді іркуге жарар еді. Әй, бірақ, біздің қазақтың жөн сөзге құлақ асудан алыстап кеткені қашан.

Үшіншіден, біз 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің зарын шерткен осы қасіретті қоңыр әнді өз иесіне – Сапалай Исатайұлына еншілеуден неге сонша үрке береміз? Сонда біздің көңілімізді көншітпей тұрғаны Сапалайдың биографиясы ма, әлде географиясы ма? Мұндай тұрпайы бөліністі кейінгі, көзі тірілерге қолдана берсе де шығатын мүйіз қарағайдай бола бермей ме? Әулиеата жерінің көне тарихын бір кісідей зерделеген халық батыры Бауыржан Момышұлының "Анаштың әңгімесі" деген шығармасында оның әкесі Исатай таманың белгілі биі, өзі орысша сауатты, замана көшіне ерте ілескен, көзі ашық жанның қатарында дәріптелетін Сапалайға келгенде осыншама тарылуымыздың, әнді Шығыс Қазақстанның пентатоникалық әуендеріне қарай алып қашып, "Самалтау" деген жұмыр жердің бетіндегі жоқ атауды іздеп, сандал күйге түсе беруіміздің түпкі сыры неде? Әрине, Сапалай жайында қағазға түскен дерек көп емес. Десе де, Пернебай Дүйсенбин құрастырған "Үркердей болып көшкен жұрт" атты тарихи, танымдық, деректі кітапқа енген Абылай Шуланбаевтың мақаласындағы "...Сапалай кереметтей әнші, домбырашы... Оның әншілік шеберлігіне Сәкен Сейфуллин де ерекше тәнті болған. Ал әні Мұхтар Әуезовтың "Еңлік – Кебек" пьесасында Еңліктің әні ретінде пайдаланылған" деген деректің өзі көзі ашық адамға көп жайттан хабар беріп тұрған жоқ па? Талас ауданының 85 жылдық тарихына арналған "Талас – Сарысу" тарихи, танымдық, әдеби анықтамалықтың мәліметі бойынша, "...атақты әнші, сазгер 1930 жылы 25 мамырда ату жазасына кесіліпті". Е, жалған дүние-ай десеңші, қызылдардың қыл қармағына іліккен арыстардың рухани қазынасына да күмән мен күдік араластырып, артында қалған екі-үш әнін күлбілтеге салатын күнге жеткізетінін Сапалай сияқты боздақтар, сірә, білді ма екен? Әй, қайдам, білмеген шығар-ау. Қазақтың даңқын әлемге паш еткен аталмыш ән иесінің қасіретті тағдырын әдейі білгіміз келмей, олай-бұлай сөз қашыртып жүргендерден не үміт, ұлт үшін қандай қайыр?

Төртіншіден, кейінгі орындаушы, айтушылар тарапынан әнге желімдей жабысқан, әуелде бас әріппен жазылуға тиіс емес "самалтау" – жер атауы емес, әндегі типтендірілген бейненің "самал таулы, шалқар көлді қайран елі" еді ғой. Міне, мәтінтанудан кеткен елеусіз ғана қателік, бұл күнде елдің аузындағы елеулі мәселеге ұласып отыр. Иә, оның алғашқы орындаушысы Бекболат Тілеухан, әнді әлемге әйгілі еткен Димаш Құдайберген. Бірақ кілтипан оларда емес, мүлдем басқада. Жалпы, Сапалайдан қалған "Самалтау" (шартты атау), "Мұхида-Шайбан", "Екі айна", "Сәулем-ай" сияқты әндердің айтылып, зерттеушілер тарапынан хатқа түсірілген жері Арқа – Сарысу аймақтары. Сол үшін де әнге және оның тарихына қатысты барлық ақиқатты осы өңірлерден іздеу шарт.

Бесіншіден, "Халық әні" дегеніміз ілкі шығарушысы ұмытылуы себепті ортақ атауға біріктіріліп, амалсыздан ойлап табылған шартты ұғым. Оған қоса, "Самалтау" әніне сауатты мәтінтанымдық зерттеу жүргізілуі шарт. Сонда елдің құлағын түріп, бітпес дауға ұласқан бұл далабаға мәңгілік нүкте қойылады. Мысалы, "Самалтау" мен "Мұхида-Шайбан" бір кісінің қолынан шыққан ән екенін дәлелдеу үшін асқан білім мен көп ақылдың қажеті шамалы. Екі қазақтың бірі ыңылдаса жетіп жатыр, көздің ағы мен қарасындай қос қоңыр ән сізді Сапалайдың сүрлеуіне жетектеп ала жөнеледі.

Алтыншыдан, бұл әннен Сапалай ғұмырбаянына негізделген жеке бастың уақиғасын емес, 1916 жылғы дүрбелеңнің тарихи аясын (фонын) іздеу керек. Мәтінге зер салған адам үшінші жақтан, яғни ән кейіпкерінің атынан айтылған өскен ел, туған жерге деген сағынышты сезінеді. Және бұл әннің бірнеше мәтін нұсқаларынан біздің малданып жүргеніміз, кейінгі құбылтудың (интерпретация) жемісі болуы бек мүмкін. Сөз жоқ, кейінгі нұсқа елеулі өзгерістере түскен (персонификацияланған). Осыдан келіп, түрлі орындаушылық ерекшеліктерге орай, әнде тұрақты және тұрақсыз формулдар тізбегі түзілген. Мысалы, көпшілікке белгілі "Самалтау, қайран елім, шалқар көлім, / Не болар солдат болып көрген күнім? / Есіме қайта-қайта түсе бердің, / Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім" (Сапалай. "Самалтау") деген көпшілікке белгілі мәтінді "Сарыарқа, қаламысың өскен жерім, / Кір жуып, кіндігімді кескен жерім. / Бұрынғы қан төгісіп, атам қонған, / Жеті жұрт бізден бұрын көшкен жерім" (Төлеу ақын. "Сарыарқаның сарыны") деген 1940 жылы жарық көрген мәтінмен, сондай-ақ Бауыржан Момышұлының әңгімесінде ұшырасатын, Шу өңіріне тараған "Сарыарқа, ауаң салқын, көлің айдын..." деп басталатын, авторы аталмайтын ән мәтінімен салыстырса, көпшіліктің көзі мен көңілі көп жайтқа жете түсері анық. Ал әннің қайырмасында жағдайынан хабар-ошар берілетін кейіпкердің "Аттылы емес, жаяу екені... жүрісі жаяудан да баяу екені... он бес күндей жол жүргенде Омбы жаққа таяу екені" лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі мен орындаушылық жағдаятқа қарай өзгеріске түсе беретін, алайда уақыт, мезгіл, мекеннің өлшемі бола алмайтын деталь. Бұл жердегі негізгі түйіннің бірі – мәтінде айтылатын әуелгі жер атауы Сарыарқа, "Самалтау" емес. Жұрттың көңілін күпті етіп, жорғасынан жаңылдырып жүрген де осы түйткіл. Мәтін атаулының айнымалы, көпнұсқалы болуы халықтың ауыз әдебиетіне тән заңдылық. Ал ән иесі Сапалайдың өз дәуірінен ән оздырған әнші-сазгер болғанына айғақ көп.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін