Педагог жалақысы, бір ауысымды мектеп, оқулық сапасы. Білім берудегі күрмеулі мәселелер қалай шешіліп жатыр?
Мектеп басшыларының жалақысы артады
Министрдің айтуынша, педагогтардың сапалық құрамын арттыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 150 мыңнан астам педагог біліктілік санатын растап, лауазымдық еңбекақысының 30-50 пайызы көлемінде үстемеақы алып жатыр. Мектеп басшыларының да жалақысын арттыру көзделуде.
"Директорлардың жалақысы өте аз, жеткіліксіз. Мәселені шешу үшін бірнеше шара қабылдадық. Біріншіден, биыл және келесі төрт жыл ішінде жалақының екі есе өсуі директорларға да қатысты болмақ. Екіншіден, директорлар мен олардың орынбасарларын аттестациядан өткізу институты енгізілді", – деді Асхат Аймағамбетов.
Енді директорлар мен олардың орынбасарлары өз жұмысының тиімділігін көрсеткен жағдайда ай сайынғы жалақысына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша үстемеақы алады. Жүйе мен тиісті нормативтік-құқықтық актілер дайын. Маусым айынан мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары осы жүйемен тест тапсыра бастайды. Төмен нәтиже көрсеткен басшылар орнынан алынып не басқа мектепке жіберіледі. Ал жақсы жұмыс істеп жатқан басшылар үстемеақы алып, әрі қарай өз жұмысын жалғастырады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады? Министр түсіндірмесі
Әр өңірде Абай атындағы мектептер ашылады
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай ұлы ақын атындағы мектептер желісі мен интернаттар ашылып жатқанын мәлімдеді.
"Еліміздің 10 аймағында қазақ тілі мен әдебиеті тереңдетіліп оқытылатын Абай атындағы гуманитарлық бағыттағы мектептер ашылды. Жыл соңына дейін қалған 7 аймақта да осындай мектеп ашуды жоспарлап отырмыз", – деді министр.
Мектептер бір ауысымды жүйеге көшуі мүмкін бе?
Қазақстанда 54 апатты мектеп, 183 үш ауысымды мектеп бар. 168 мың оқушыға мектептерде орын жетіспейді.
"Демографиялық және көші-қон процестерін ескерсек, қалалардағы мектеп тапшылығы статистикасы нашарлауы мүмкін. 2025 жылға қарай мектептерде 500 мың орын тапшы болады деген болжам бар", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзінше, мәселені шешу үшін кемі 800 мектеп салу жоспарланып отыр. 2020 жылы қосымша 80-ге жуық білім беру нысаны бой көтереді. Министрлік апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептер мәселесін шешіп, бір ауысымда ғана сабақ беретін деңгейге жеткізуді көздеп отыр.
Оқи отырыңыз: 132 мың үміткер – 54 мың грант. Биылғы түлектер ҰБТ-дан сүрінбей өтуі үшін нені білуі тиіс?
Мұғалімдер жүктемесі жеңілдейді
Министр педагогтардың жүктемесін азайту үшін құжаттар саны қысқартылатынын хабарлады. Енді мұғалімдер күніне 2 құжат қана толтырады. Бұл мектеп мұғалімдеріне ғана емес, мектепке дейінгі ұйымдардың, колледж, жоғары және жоғарғы білімнен кейінгі ұйымдардың педагогтарына қатысты болып отыр.
"Оқушылардың білім сапасы педагог жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан педагог артық жұмыспен айналыспауы тиіс. Олар балалардың білімі мен функционалдық сауаттылығын арттыру бағытында ғана жұмыс істейтінін түсінуі керек. Тексерушілерге есеп беру сынды мәселелерді қайта қарап, шектеулерді алып тастадық", – деді Асхат Аймағамбетов.
Жаңа оқу жылында балалар қашықтан оқи ма?
Білім және ғылым министрлігі 1 қыркүйекте балалар мектепке барады деп үміттенгенімен, коронавирус жағдайына байланысты қашықтан оқытуды жалғастыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
"Карантин, коронавирус инфекциясы жағдайы жақсарып, жаңа оқу жылын мектеп қабырғасында бастаймыз деп үміттенеміз. Дегенмен, басқа сценарийге де дайын болымыз керек", – деді министр.
Оның сөзінше, қашықтан оқыту басқаша болуы керек. Сол себепті қатемен жұмыс істеп, мәселелер шешіледі. Педагогтарға жаз бойы техникалық және методикалық сипаттағы мәселелермен жұмыс істеуіне тура келеді.
"Пандемия кезінде өте аз уақыттың ішінде балалар, мұғалімдер, ата-аналар жаңа жағдайға бейімделді. Қаншама мәселе алдымыздан шықса да, оқу процесі тоқтаған жоқ. Ата-аналарға рахмет. Көп жұмыс, жауапкершілік ата-анаға жүктелгенін мойындау керек", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: "Болашақ педагогтер стипендиясы 42 мың теңгеге дейін өседі". ҰҚСК үшінші отырысында айтылған маңызды мәселелер
Балабақша кезегіне Egov.kz арқылы тұруға болады
2019 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 500 мектепке дейінгі ұйым ашылды. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98,5% құрады. Десе де, кей өңірлерде балабақшаға сұраныс жоғары. Әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы облысы және басқа өңірлерде де мәселе бар. Аталған аймақтарда көші-қон мен демографияның даму қарқыны жоғары. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәселе өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп шешілетінін айтты.
Сондай-ақ, балабақшаға кезекке қою бұрын тікелей білім беру бөлімдерінде жүзеге асырылса, сыбайлас жемқорлық қатерлерін жою үшін бұл процесс енді Egov.kz арқылы жүзеге асырылды.
Министр мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 90%-ы бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілгенін, балалардың қауіпсіздігі үшін жұмыс жалғасатынын айтты.
Сапасыз оқулықтар: автор мен баспаға қойылатын талап күшейеді
Оқулықтардың сапасы туралы мәселесі министрліктің күн тәртібінде тұр. Асхат Аймағамбетов сапасыз оқулықтар бағдаралма дайындаудан бастап, баспаға дейінгі жүйелі проблема екенін мойындады.
"Сараптамаға не баспаларға ғана қатысты мәселе емес. Бағдарламаларды дайындаудан, оларды сынақтан өткізуден, сондай-ақ сараптама мәселелерінен, жалпы біздің сарапшылардың даярлығынан, авторлардың дайындығынан басталатын жүйелі проблема. Әрі қарай баспаға байланысты", – деді ол.
Оның сөзінше, қазір оқулықтардың сапасына көп көңіл бөлінеді. Бұл мәселені президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет көтеріп, тапсырма берген. Министр сапасыз оқулықтар үшін мемлекет пен баспалар да, ұлттық білім академиясы мен басқа да құрылымдар жауапты екенін айтты. Ендігі кезекте оқулықтардың авторлары мен баспаларға қойылатын талаптар күшейтілді.
Оқи отырыңыз: Алматыда оқушылар жазғы мектепте IV тоқсан сабақтарын оқи алады
ЖОО оқытушыларының жалақысы өсе ме?
Жоғары білім беру бойынша жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. Соңғы төрт жылда мемлекеттік тапсырыс 1,3 есеге артып, биыл 53 мыңнан астам білім грантты бөлініп отыр. Президент тапсырмасыен биыл грант құны артады. 10 жылдан бері грант құны өзгермегенін айта кеткен жөн. Осы себепті Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік ЖОО-ларды оқытушылар жалақысын арттыруға міндеттемек.
"Еңбекақы төлеу қорына жалақының ең төменгі шегін белгілеу мәселесін талқылап жатырмыз. Грант құнының артуы педагогтар жалақысының өсуіне ықпал етуі керек. Жекелеген ЖОО-да оқытушылардың жалақысы 70-80 мың теңгені құрайды, бұл өрескел сандар", – деді министр.
Асхат Аймағамбетов мемлекеттік тапсырыс құнының артуына байланысты ЖОО-лар да профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын ұлғаяды деп сенеді.