Парламент мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков 1 желтоқсаннан бастап азаматтарға арналған автолизинг іске қосылатынын мәлімдеді. Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға көлік алу қолжетімді болуы үшін шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Енді жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасынан бөлек азаматтар лизинг арқылы көлікті жалға алып, кейіннен оны сатып ала алады. 

Бұл – мемлекеттік бағдарлама емес. Лизинг – көлікті ұзақ мерзімге жалға алу механизмі. Көлікті белгілі бір мерзімге жалға алғаны үшін ай сайын ақы төлеу қажет.

Сауда министрлігі қазақстандықтарға автокөлікті лизингке алуға мүмкіндік беретін ішкі сауда ережелеріне түзетулер дайындады. Бұдан бөлек, авто лизинг үлгі шарты бекітіледі. Автолизинг шарттары әлі нақтыланған жоқ. Лизинг мерзімін, мөлшерлемесін және жарнасын лизинг компанияларының өзі белгілейді. Ал үкімет тек құқықтық базаны реттейді.

Олжас Құспеков болса үкіметті жеке тұлғаларға арналған лизингті жаңа автонесиеге айналдырмақ болғаны үшін сынға алды. Ол мемлекеттік органдардың президент тапсырмасының мәнін бұрмалап отырғанын айтты.

"Президент жеке тұлғаларға арналған лизингті жедел енгізу жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл тапсырма есеп үшін емес, адамдар үшін берілді. Бүгінде көп азамат отбасын асырау үшін көлікті несиеге немесе жалға алып жүр. Бұл бастама 2023 жылы көтерілген еді. Мақсат – азаматтарға автонесиесіз, жоғары пайызсыз, бастапқы жарнасыз көлік алу мүмкіндігін беру. "Бастапқы жарна бола ма, пайыз қандай, бұл автонесиеден несімен өзгеше?" деген сұрақтар орынды қойылып отыр. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар ескі жүйені жаңа атаумен ұсынбақ. "Лизинг" деп әдемі атағанымен, шын мәнінде сол бұрынғы автонесиенің өзі", – деді депутат.

Ол сақтандыру, техникалық байқау және қызмет көрсету шығындары азаматтардың мойнына жүктелмеуі үшін ай сайынғы төлемге нақты қандай шығындар кіретінін егжей-тегжейлі көрсету қажет екенін айта кетті. Оның пікірінше, жеке тұлғаларға арналған лизинг банктердің мүддесін емес, халықтың жағдайын ойлауы тиіс. Лизинг әлеуметтік құрал болғандықтан ашық, әділ әрі баршаға қолжетімді болуы керек. 

"Такси жүргізушілерімен жиі сөйлесемін. Олардың жартысы көлікті жалға алады. Тек отбасын асырау үшін күніне 12 сағат жұмыс істейді. Бұл идея осы әңгімелерден кейін пайда болды. Егер біз сол адамдарды қайтадан қарызға батыратын болсақ, онда бұл бастаманың мәні қайда? Егер лизинг бастапқы жарнамен және пайыздық мөлшерлемемен берілсе, бұл реформа емес, ұғымды бұрмалау ғана. Ал егер мемлекеттік органдар президент тапсырмасын мәні бойынша емес, тек түрі бойынша орындаса – бұл азаматтардың мүддесіне қарсы әрекет. Бізге жалған прогресс емес, адамдарға көлік иесі болуға мүмкіндік беретін нақты шешімдер қажет", – деді Олжас Құспеков. 

Автосарапшы Сұңқар Жұртбай Қазақстанда бұрыннан құрылыс және ауыл шаруашылығы техникалары лизингке беріліп келгенін, енді жеке тұлғалар да көлікті лизингке ала алатынын айтты. Әрі бұл механизм ешқандай мәселе тудырмауы керек дейді ол. 

"Көбінесе құрылыс техникалары, жүк машиналарын лизингке берілетін. Лизинг туралы заң болмағанымен жалпы жеке тұлға мен фирмалар арасында келісімшартқа келу, келісімшарт тармақтары бар. Бизнес жүргізуге қатысты заңдарға байланысты құрылыста, ауыл шаруашылығында көп пайдаланатын техникаларға лизинг беріліп келді. Енді жеке тұлғаларға лизинг беруге қатысты заң болмаса да, жеке тұлғалар мен фирмалар арасында сауда-саттық жасауға байланысты заңдар, лизинг беруші мен лизинг алушылар арасында заңгерлер қойған келісімшарт тармақтары және келісімшартқа байланысты мемлекет талаптары бар. Сол талаптарға сай болса жұмыс істей беруге болады деп ойлаймын. Оған байланысты үлкен мәселе шыққан жоқ. Әзірге қолданыстағы заңнама аясында лизинг алуға мүмкіндік бар. Лизинг беретін компаниялардың тәжірибесі мол.  Сондықтан айтарлықтай мәселе болмайды деп ойлаймын. Қалыпты жағдай", – деді автосарапшы.

Лизингтің несиеден айырмашылығы – несие алғанда көлік бірден несие алушының атына жазылады және ай сайын көліктің жалпы құнын мөлшерлемемен қоса бөліп төлеп отырады. Ал лизинг алған кезде көліктің иесі емес, оны жалға алушы болады және көлікті пайдалану мерзіміндегі құны мен амортизациялық шығынды төлейді. Мерзім аяқталған соң ғана көліктің қалған сомасын төлеп сатып алуға болады. Ал оған дейін лизинг компаниясының меншігінде қалады. Көлік одан кейін қажет болмаса лизинг берушіге қайтарады.

Лизингке жаңа көліктерді ғана алуға болады. Әзірге айдалған көліктерді лизингке берілмейді. Сондай-ақ, көлікті лизингке алар кезде сақтандыру рәсімдеу қажет. 

Лизинг қанша жылға берілетінін лизинг компаниясы белгілейді. Әдетте ол екі жылдан бастап 5-6 жылды құрайды. Лизингтің жылдық мөлшерлемесі де болады. Төлемді кешіктірсе өсімпұл есептеледі. Жалға алушы өлемді екі есептік кезеңде кешіктірсе лизинг беруші келісімшартты біржақты бұзып, көлікті қайтарып ала алады.

Бұл механизм іске қосылса көлік салығын кім төлейтіні белгісіз болып отыр. Әдетте көліктің заңды иесі компанияның өзі болғандықтан салықты өзі төлеуі қажет. Алайда олар салықты және автосақтандыру шығынын жеке тұлғаның мойнына артуы мүмкін.