Күз – ЖРВИ мен тұмау өршитін кез. Күн салқындағанда адам ағзасының түрлі инфекциядан қорғанысы төмендеп, вирусты тез жұқтырады. Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) деп тыныс алу жолдарының ауруларын тудыратын вирустар тобын атайды. Тұмау – оның бір түрі ғана. Тұмау ЖРВИ тобына жатқанымен, мұны жай ғана суық тиюмен шатастырмау керек. Себебі тұмау өкпе, жүрек, ми қабынуының асқынуына әкеп соқтыруы ықтимал.

Осы орайда Информбюро порталы ЖРВИ мен тұмаудан сақтану және үйде емделу жолдарын баяндайды.

Тұмаудың негізгі белгілері:

  • дене қызуының көтерілуі;
  • жалпы әлсіздік;
  • жөтел;
  • бас ауыруы;
  • бұлшықет пен буын ауыруы;
  • мұрыннан су ағу;
  • тамақ ауруы және басқа да симптомдар.

Шайлар мен сусындар

ЖРВИ-ді емдеудің нақты әдісі жоқ. Десе де суық тигенде иммунитетті жақсартудың бірнеше жолы бар. Соның бірі – үйде дайындап ішуге болатын сусындар. 

  • Бал мен лимон қосылған ыстық шай. Суық тигізіп алсаңыз, қара немесе көк шайға бір қасық бал мен лимон қосып ішіңіз. Бал мен лимонның пайдалы заттары құрамында қалуы үшін оларды ыстық шайға салмағаныңыз жөн.
  • Таңқурай мен жөке гүлі қосылған шай. Жөкенің құрғатылған гүлдерінен шай қайнатып, оған кептірілген жидек пен таңқурай жапырағын қосыңыз. Тұнбаны 30 минутқа қалдырыңыз. Таңқурайдың орнына тосап қолдансаңыз да болады.
  • Итмұрын қосылған шай. Бұл өсімдік түрінде С дәрумені көп. Үш ас қасық ұнтақталған итмұрынның үстіне 0,5 литр су құйып, термосты бір түнге қалдырыңыз. Таңертең сүзіп алып жарты стақан ішіңіз. Бір күнде тамақтан 30 минут бұрын 4 рет ішсеңіз, ағзадағы әртүрлі инфекциядан арылуға көмектеседі.
  • Мүкжидек пен сиыр жидектен морс. Екі жидек те бактерияға қарсы әсер етеді. Морс әзірлеу үшін 3:1 етіп екі жидекті қантпен араластырыңыз. Кейін дайын болған қосындыдан 2 ас қасық алып, үстіне 0,5 литр жылы су қосыңыз.
  • Минералды су мен ыстық сүт. Жөтеліп жүрсеңіз ыстық сүт пен "Боржоми" суын араластырып ішіп көріңіз. Бұл қосынды қақырықтың түсуіне әсер етеді.
  • Сүт пен сарымсақ. Дәмі аса ұнамаса да, бұл екеуі бір түнде денсаулықты жақсартуға көмектеседі. Ыстық сүтке 10 тамшы сарымсақ суын қосып ішіңіз.
  • Түймедақ шайы. Түймедақты көбінесе қабынуға қарсы қолданады. Оған жөке мен бал қосып тұмауды да емдеуге болады. Шайды әзірлеу үшін 1 шай қасық түймедақ пен жөке гүлдерінің үстіне бір стақан су құйып қайнатыңыз. Кейін тұндыру үшін 20 минутқа қалдырыңыз. Күніне үш рет 1/3 стақан етіп тамаққа дейін ішкен пайдалы. Ішіне бал қосып жіберуге болады.
  • Лимон мен Глинтвейн зімбірі қосылған шай. Дәмді әрі тұмаудан жылдам айығуға көмектеседі. Барлығын араластырып, 100 мл су қосыңыз. Қайнаған соң тұндыру үшін 10 минутқа қалдырып, апельсинді дөңгелектеп кесіңіз. Қызыл шарап, жоғарыдағы қоспа, қант және апельсинді араластырыңыз. Кейін тағы бір қайнатып алыңыз. Глинтвейнге бал, алма мен мейізді қосыңыз. Жатар алдында ыстықтай ішкен пайдалы. 

Жөтелді емдеу

Жөтел – аурудың өзі емес, ағзаның қорғаныс реакциясы. Оның екі түрі бар: құрғақ және дымқыл. Қандай жөтел болса да ауруды асқындырмай дәрігерге қаралған жөн. Алайда жөтелді үй жағдайында емдеп жазуға болатын бірнеше тәсіл бар:

  • Жылы сүт. Сүтке сары май қосып ішсеңіз тамақты жұмсартады. Ал бал бал табиғи антисептик болғандықтан бактериямен күресуге көмектеседі. Сүттің құрамында май, ақуыз, қант пен В және С витаминдер, микроэлементтер бар. Сүт аурудан әлсіреген ағзаны күшейтіп, тыныс алу жолдарының шырышты қабығын жұмсартады. Тамақты жылытып, қыжылды азайтады. Құрғақ жөтелді басып, қақырықты түсіреді. Күніне екі рет жылы сүтке бал не сары май қосып ішсеңіз жөтелді басып, қақырықты түсіріп, ағзадағы зиянды заттардың шығуына әсер етеді.
  • Пияз бен бал – қысқа мерзімде жөтелді басып, тыныс алуды жақсартатын табиғи антибиотик. Бір пиязды ашып, ұсақтап турап, бір-екі ас қасық бал қосып мұқият араластырыңыз. Ыдыстың қақпағын нығыздап жауып, үш сағатқа қалдырыңыз. Осы уақыт ішінде пияздан жеткілікті шырын бөлініп шығады. Шырынды сүзіп алып, сағат сайын бір ас қасықтан ішіңіз. Балаларға бір шай қасықтан беріңіз. Балдың орнына ұсақталған пиязға бір ас қасық қант қосуға болады. Қоспаны бір күн қойып қою керек. Бұл сиропты қақырық түсіру үшін қолдануға болады. Тамақтанар алдында 30 минут бұрын күніне үш рет бір ас қасықтан ішу керек.
  • Картоп буы. Ингалятор аппараты болмаса мұқият жуылған картопты кәстрөлге қайнату керек. Ыдысты үстелге қойып, еңкейіп бумен тыныс алу қажет. Басыңызды сүлгімен қымтап алған жөн. Бірақ бұл тәсілді қолданғанда абай болыңыз. Бетіңіз ыстық буға күйіп қалмасын. Баланы буға еңкейтпей-ақ, үстін көрпемен қымтап жауып, орталарына қайнаған бір тостаған картопты қойсаңыз, ол да әсер етеді. Дене қызуы көтерілсе ингаляция жасауға болмайды. Картоп буы тыныс алу жолын жұмсартып, қабыну мен ісінуді басады. Картоптан шығатын ыстық будың құрамында судан бөлек, фитонцидтер мен этиль спиртінің молекулалары бар. Ал этанол – жақсы еріткіш. Сол қасиетінің арқасында будағы пайдалы заттар тыныс алу жолдарына терең енеді. Фитонцидтер бактерияға қарсы әсер етеді. Жылы бу шырышты қабықты жылытып, тазартып, қақырықты түсіреді.
  • Шөп тұнбалары. Жөтелді басуға көптеген шөптердің тұнбасы жақсы әсер етеді. Кептірілген итмұрын шөбін алып, 5 ас қасығын 1 литр қайнаған суға салып 10-15 минуттай баяу қайнатыңыз. Оттан алып, 8-10 сағат тұндырыңыз. Тұнбаны сүзіп алып, күніне әр 2-3 сағат сайын бір стақаннан ішіңіз. Дәмі ұнамаса бір шай қасық бал, тосап немесе қант қосыңыз. Жөтел кеткенше ішуге болады.
  • Жөке (липа) гүлі де қақырықты оңай шығарып, жөтелді жазады. Жөке гүлі мен аюбадам шөбін аралатырып, екі ас қасығын бір стақан қайнаған суға салып отқа қоясыз. 5-10 минуттан соң оттан алып, қақпағын мықтап жабыңыз. Суыған соң сүзіп алып, ыдысқа құйыңыз. Емдік сусынды жылы күйінде екіге бөліп ішіңіз. Жөке тұнбасына бал немесе таңқурай қосып ішсеңіз, емдік қасиеті арта түседі. Жөке гүлін ғана қайнаған суға салып, тұндырып ішуге болады.
  • Құйрық май. Қазақта қойдың құйрық майын көп аурудың емі деп есептейді. Бала кезде суықты қайтарады деп денені құйрық маймен сылаушы еді. Құйрық майды ысытып, онымен алқым, арқа және екі табанды сылап шығу керек. Сылаған соң мейлінше көрпеге қымтанып,  демалған жөн. Жөтел басылмай қойса құйрық майды ерітіп ішуге болады. "Піскен" құйрық майға сарымсақ қосып, суығаннан кейін 4-5 шай қасық жұтып жіберу керек. Біраздан соң денеңіз жіпсіп, терлей бастайды. Құйрық май ішке барған соң қолқаны жібітіп, жанды қинаған жөтел қақырыққа айналады да, тамақтың ауырғаны басылып, жөтел кетеді.

Иммунитетті нығайту

Ал тұмау мен ЖРВИ-ден кейін иммунитетті нығайту үшін салауатты өмір салты қағидаларын ұстау жеткілікті:

  • Дұрыс тамақтау. Құрамында жеткілікті мөлшерде ақуыздар бар ет, балық, сүзбе, жаңғақтар, көкөністер мен жемістер жеу керек. Күнделікті нормаға сай адам бір келі салмағына 30 мл сұйықтық (таза ауыз су, шырын, копмот, морс, сорпа) ішуі қажет.
  • Физикалық белсенділік. Иммун жүйесінің жақсы жұмыс істеуіне әсер ететін ең негізгі фактордың бірі де осы. Дене жаттығулары, таза ауада серуендеу, жүгіру, велосипед тебу иммунитетті нығайтады. Күніне кем дегенде 30-40 минут дене шынықтыруға, спортқа уақыт бөліңіз.
  • Толыққанды демалыс. Күніне кем дегенде 7-8 сағат ұйықтау керек. Ұйқының сапасын ұмытаңыз.
  • Күйзелістен, эмоционалды шаршаудан аулақ болу. Менталды денсаулығыңызға бей-жай қарамаңыз.
  • Экранға көп қарамау. Теледидар мен компьютер алында ұзақ отырмау. Гаджеттерді көп пайдалану да иммунитеттің әлсіреуіне әкеледі. Сол үшін барынша смартфонды аз қолдану керек. Бір орында қозғалмастан отыра беруге болмайды.

Тұмаудан сақтану жолдары

Тұмауратқанда үйден шықпай, көбірек демалып, жылы сұйықтық (су, шай, компот, морс, сорпа және тағы басқа) ішу керек. Тұмаудың алдын алу үшін қоғамдық орындарда маска тағып және әлеуметтік арақашықтықты сақтап, жыл сайын тұмауға қарсы екпе салдырған жөн. Келесідей тәсілдер тұмаудың алдын алады:

  • науқас адаммен байланыста болмауға тырысу;
  • таза ауада жиі серуендеу, саябақтарда жүру;
  • тыныс алуды реттеу, бұлар өкпенің вентиляциясын жоғарылатады, қан айналымы жүйесін жақсартады;
  • жеке гигиенаны сақтау, инфекция таралмауы үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу;
  • жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жабу;
  • бөлменің ауасын жиі тазарту;
  • "С" дәрумені бар өнімдерді тамақта қолдану (лимон, бал, таңқурай және тағы басқа);
  • көп адам жиналған жерде болмауға тырысу;
  • науқас адаммен байланыста болғанда бетперде тағу;
  • дене шынықтырумен, спортпен айналысу.

Дене қызуы түспей, тыныс алу қиындап, ентіге бастағанда, кеуде тұс, іш ауырса, бас айналса дәрігерге жүгініңіз.