Телефон ажырамас құралға айналды. Онсыз өмірді елестету қиын. Хат-хабар алмасудан бөлек ақшаңыз да, құжаттарыңыз да соның ішінде. Ұялы телефон жоғалса не ұрлатып алсаңыз ешкіммен хабарласа да, төлем жасай алмай да қаласыз. Ал бөгде біреу әлеуметтік желілер мен банк қосымшаларына кіріп, жеке деректеріңізді біліп қойса, оның арты жақсылыққа әкелмеуі мүмкін. Олай болмасын десеңіз Fingramota.kz ұсынған кеңестерге құлақ түріңіз.

№1. Ең алдымен, SIM-картаны бұғаттаңыз

Алаяқтар SIM-картаңызды пайдаланып, басқа адамдарға қоңырау шалып не хабарлама жіберіп, мессенджерлер арқылы жазуы мүмкін. Мысалы, алаяқтар телефоныңызда байланыс кітапшасындағы адамдарға WhatsApp арқылы сілтеме жіберуі мүмкін. Ал ол сілтемені ашқан адамның телефонына вирус жүктейді. Не болмаса алаяқтар дауысыңызды бұрмалап, адамдардан ақша сұрауы мүмкін. Мұндайда мұны сіз жасамағаныңызды дәлелдеу оңай емес. Сол себепті телефоныңызды таппай қалсаңыз дереу ұялы байланыс операторының қолдау қызметіне жүгініңіз.

SIM-карта бұғатталған соң ол нөмірден қоңырау шалу, хабарлама жіберу мүмкін емес. Алаяқтар картаңызды пайдаланар болса төлемді растай алмайды, өйткені нөміріңізге код келмейді.

Ал WhatsApp-ты қалпына келтіру үшін сол нөміріңізге жаңа SIM-карта алып, оны іске қосыңыз. Алты таңбалы кодты енгізу арқылы WhatsApp-қа қайта тіркеліңіз. WhatsApp-қа қайта тіркелген соң жоғалған не ұрланған құрылғыдағы есептік жазбаңыздан автоматты түрде шығарып жібереді, себебі бұл мессенджерге бір нөмірмен бір уақытта тек бір құрылғыда кіруге болады. Аккаунтыңызға кірген соң екі факторлы құрылғыны қорғау аутентификациясы, құпиясөз не саусақ ізі, Face ID бойынша бұғаттау секілді қорғау шараларын жасаңыз. 

№2. Құрылғыны қашықтан бұғаттаңыз 

Телефонды қашықтан бұғаттасаңыз алаяқтар оны аша алмайды. Қосымшаларды пайдалана алмайды. Қашықтан құрылғыңыздағы маңызды ақпаратты жоя аласыз немесе жасыра аласыз. Android телефон болса, "Құрылғыны табу" қызметін пайдаланып көріңіз. Ол үшін телефон нөміріңіз тіркелген Google-аккаунтқа кіру қажет. Бұдан әрі "Құрылғыны бұғаттауды" таңдаңыз. Телефоныңызды ешкім ұрламаса, өзіңіз жоғалтып алсаңыз телефоныңыздың бұғаттау экранына шығатын хабарлама орната аласыз. "Телефонды жоғалтып алдым. Осы нөмірге хабарласыңыз" деп нөміріңізді жазыңыз. Ал IPhone болса басқа құрылғыдан iCloud-қа кіріп, "Iphone табу" бөлімінен құрылғыны таңдап, "Жоғалған режимді" қосыңыз. Телефоныңыз ұрланбаса, яғни жоғалтып алсаңыз құпиясөзді орнатып, тауып алуы мүмкін адамға хабарлама қалдырыңыз. 

№3. Құпиясөздерді өзгертіңіз

Телефоныңыз құпиясөзбен қорғалмаса немесе алаяқтар оны бұзса, ұрланған телефон арқылы сіздің аккаунттарыңызға (банктердің немесе басқа ұйымдардың қосымшаларына, поштаға, әлеуметтік желілерге, мемлекеттік қызметтер сервисіне және т.б.) кіріп, ақшаңызды ұрлай алады немесе бопсалау үшін пайдалана алады. Сондықтан жаңа құрылғыдағы барлық құпиясөздерді міндетті түрде өзгерту керек.

№4. Полицияға хабарласыңыз

SIM-картаны бұғаттап, деректеріңізді қорғадыңыз. Енді полицияға арыз жазыңыз. Ол үшін құжаттарды (чек, кепілдік, телефон сатып алуға арналған шарт) және IMEI (бірегей құрылғы нөмірі) бар телефон қорабын жинаңыз. Өтініш жазғанда міндетті түрде қалай жоғалтқаныңызды не қалай ұрлатып алғаныңызды, телефон моделін және оның IMEI нөмірін көрсетіңіз. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына жүгінгеніңіздің дәлелі ретінде өтініштің көшірмесін сақтаңыз. 

№5. Банктер мен қаржы ұйымдарына ескертіңіз

Бұл артық болып көрінсе де, сақтықта қорлық жоқ деген. Өзіңіз қолданатын банктерге, қаржы ұйымдарына қоңырау шалу ешқашан артық болмайды. Телефон жоғалғанын хабарлаңыз және мұндай жағдайда не істеуге болатыны туралы кеңес алыңыз. Картаңызды бұғаттаңыз. Бөгде біреу пайдаланбағанын тексеріңіз.

№6. Телефонды қорғау жолдары

Келеңсіз жағдайға тап болмас үшін мынадай қауіпсіздік қағидаларын есте сақтаңыз:

  • Телефоныңызға биометриялық бұғаттау орнатыңыз: құпиясөздер, саусақ іздері, Face ID. Жеңіл құпиясөз қоймаңыз.
  • Антивирус қосымшасын орнатыңыз және үнемі жаңартып отырыңыз. Антивирус алаяқтардың бұзу әрекеттерінен және күдікті амалдардан қорғай алады.
  • Құпиясөздерді телефонда жазба немесе хабарлама ретінде сақтамаңыз. Сондай-ақ, барлық аккаунтқа бірдей құпиясөз қоймаңыз.
  • Қауіпсіздік өлшемдерінін үнемі жаңартып отырыңыз: құпиясөздерді өзгертіңіз, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.