Шетелдік көлікті қалай 5 жылға есепке қоюға болады? Шағын нұсқаулық
Ішкі істер министрлігі Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ЕЭО елдерінен келген, бұрынғы тіркеуінен шықпағаны үшін заңдастырып үлгермеген автомобильдерді уақытша есепке қоюға рұқсат берді, деп хабарлады Kolesa.kz.
Уақытша есепке қою 5 жылға жарамды. Одан соң машина автоматты түрде тіркеуден шығады.
Құжатты қалай тапсырады және қанша тұрады?
- Бірінші қадам. Шетелдік көлік иесі автомобильдің VIN-кодын уақытша тіркеу тізіміне қосу үшін өтініш пен құжаттарды дайындап, арнайы ХҚКО немесе жергілікті полиция департаментіне баруы керек.
- Екінші қадам. Осыдан соң электронды үкімет порталы арқылы автомобильді тіркеуге өтініш жіберу керек. Көлікті 10 минутта автоматты түрде тексереді. Барлығы дұрыс болса, иесіне көлік тексеруден сәтті өтті, көлік құралын мемлекеттік корпорация жанынан ашылған тексеру пунктіне әкеліңіз деген хабарлама келеді.
- Үшінші қадам. Тексеру пунктінде криминалист 15 минут ішінде көлік құралының нөмірлерін салыстырады. Дұрыс болған жағдайда жүргізушіні құжаттарын өткізу үшін электронды кезекпен мемлекеттік корпорация қызметкеріне жібереді.
- Төртінші қадам. Көлік иесі мемлекеттік нөмір (9660 тг) мен көлік құралын тіркеу куәлігі үшін (4313 тг) мемлекеттік салық төлеп, көлік құралын 5 жылға уақытша есепке қою және уақыт өткен соң елден шығару туралы міндеттемеге қол қояды.
- Бесінші қадам. Құжат пен шетелдік нөмірді арнайы ХҚКО-ға өткізіп, машинаға жаңа техпаспорт пен мемлекеттік нөмір алады. Тіркеу куәлігіне "басқаға сатуға және шетелге шығаруға болмайды" деген арнайы ескерту жазылады, сондай-ақ тіркеу мерзімі мен автомобильдің бұрынғы шетелдік иесінің деректері көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Айыппұл бар-жоғын қалай онлайн тексеруге болады?
"Түпнұсқа тіркеу құжаты мен шетелдік нөмір мемлекеттік корпорация филиалында уақытша есепке қою мерзімі біткенше сақталады. Қазақстан азаматы көлікті шетелге шығаратын болса, олар біздің елдің нөмірі мен тіркеу құжаттарын өткізеді, содан кейін оларға шетелдік құжаттарды қайтарады", – делінген Kolesa.kz хабарламасында.