Қарбыздан уланбау үшін не істеу қажет? Дәрігер кеңесі
Қарбыз маусымы маусым, шілде айларында басталып, қыркүйекке дейін жалғасады. Сәйкесінше, дәл осы кезеңде қарбыздан уланған жандардың саны да күрт өседі. Қарбыздан уланған адамға алғашқы көмекті қалай көрсету керек? Қарбыздан уланудың алдын алу жолдары қандай? Осы және өзге де сұрақтарымызға Астанадағы 12 қалалық емхананың салауатты өмір салты жөніндегі дәрігері Рузанна Жанболатқызы жауап берді.
– Рузанна Жанболатқызы, алдымен бізге қарбыздан уланудың ең көп таралған симптомдары туралы айтып берсеңіз.
– Қарбыздан уланған адамның бойында әлсіздік пайда болады. Жүрегі айнып, лоқсып, күніне бірнеше рет құсуы мүмкін, іші өтеді. Сондай-ақ, дене қызуы көтеріліп, қан қысымы төмендеп, пульсі жоғарылайды.
– Науқас қарбыздан уланғанын білу үшін қандай талдау (анализ) тапсыруы тиіс?
– Қарбыздан уланған адам жалпы қан талдауын, жалпы зәр талдауын, қанның биохимиялық көрсеткіштерін, K, Na, Са- электролиттер мөлшерін анықтауы қажет.
– Қарбыздан уланған кезде улану процесі көбіне бактериялардың әсерінен бола ма, әлде пестицидтердің бе?
– Адам осы екі жағдайда да улануы мүмкін. Қарбыздың құрамында 100 грамға шаққанда 15 грамм қант болғандықтан, оны белгілі бір деңгейде сақтау және тасымалдау шарты бұзылған кезде құрамындағы бактериялар өте тез көбейеді. Өкінішке қарай, қарбызды өсіру және өңдеу шаруашылығында адам денсаулығына қауіпті көптеген пестицидтер мен нитраттар өте көп мөлшерде қолданылады. Нитраттардың мөлшері 1 килограмға шаққанда 60 миллиграмм ғана болу керек. Одан асып кетсе адамның улану қаупі жоғарылайды.
Оқи отырыңыз: Шілденің ортасында Қазақстанда күн ерекше ысиды. Аптап ыстықтан қалай қорғанған дұрыс
– Қарбыздан уланған адамдардың ең көп тіркелетін уақыты қай кез?
– Қарбыздан уланған адамдардың ең көп тіркелетін уақыты жаздың маусым айынан басталады. Ал, ең жоғары көрсеткіш шілде мен тамыз айларына келеді.
– Қарбыздан улануға бейім топтар бар ма? Мысалы, балалар, қарттар дегендей?
– Қант диабетімен ауыратын адамдар, созылмалы өт жолдары, ұйқы безі және бүйректің созылмалы аурулары, сонымен қатар, жүрек-қан тамыр жүйесінің созылмалы аурулары бар науқастарға қарбызды тым көп мөлшерде жеуге болмайды. Жас ерекшелігіне байланысты кішкентай балалар мен қарт адамдарға да өте сақ болу қажет.
– Қарбыздан уланудың алдын алу жолдарын айтсаңыз.
- Біріншіден, қарбызды сатып алатын орынды жақсы білгеніңіз абзал. Қарбыз дұрыс өсіріліп, өндіру және тасымалдау шарттары қатаң сақталып, сатылатын жерде тұтынушыға салқын жерде ұсынылуы тиіс.
- Екіншіден, қарбыздың сыртқы қабығы зақымдалмаған, ойық-жырықтары болмауы керек.
- Үшіншіден, сататын жерде қарбыздың дәмін татуға ұсынылған бөліктерін лас қолмен алып тұтынбаңыз. Сол жерде қарбыздың піскеніне көз жеткізу мақсатында оның бір бөлігін кесіп көрсетуді сұрамаңыз. Себебі, сатылымдағы қарбыздардың сыртқы қабығы өте лас болады. Бактериялардың сол сәтте қарбыздың ішіне еніп кетуі әбден мүмкін.
- Төртіншіден, сатып алынған қарбыздың қабығын жылы сабынды сумен жақсылап жуыңыз.
- Бесіншіден, қарбызды тұтынар алдында беті-қолыңызды жақсылап сабындап жуыңыз.
- Алтыншыдан, қарбыз ішіндегі нитраттардың мөлшерін үйде тексеру үшін қарбыздың бір бөлігін су құйылған стаканға батырып, 2-3 минут ұстаңыз. Су алқызыл түске лезде боялса, демек, бұл – жеуге болмайтын қарбыз деген сөз.
- Жетіншіден, салмақ тастау мақсатында "Қарбыз диетасын" ұстанбаңыз! Бұл – жалған ақпарат. Өйткені қарбыздың құрамындағы глюкоза мөлшері өте көп. Ол керісінше салмағыңыздың одан әрі артуына ықпал етеді. Сонымен қатар, бірнеше күн қатарынан қарбыз жеген жандар жиі уланады. Оның себебі – гиперкалиемия, яғни, қандағы K микроэлементінің шамадан тыс көбейіп кетуі. Мұндай жағдай адамды өлімге дейін апаруы мүмкін. Сондықтан, өте сақ болыңыздар!
- Соңғы кеңесім, қарбызды көп адамдар зәр айдау мақсатында жиі алып жатады. Бұл – жаңсақ түсінік, керісінше, қарбыз бүйрекке көп салмақ түсіреді, дененің ісініп кетуіне алып келеді.
– Қарбыздан уланған адамға ең алғашқы көмекті қалай көрсету қажет? Қандай дәрі беріп, қандай процедура жасалғаны дұрыс?
– Ең алдымен "Жедел жәрдем" шақыруыңыз керек. Уланған адамға үйде энтеросорбенттер (белсенді көмір, "Полисорб", "Смекта" сорбенттері) беру қажет. Уланған адам өте көп су жоғалтатындықтан, оған аз-аздан су немесе "Регидронды" суға ерітіп беріп отырған абзал. Сосын міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну керек.
Оқи отырыңыз: Нанды қалай жеу керек? Диетолог кеңесі
– Қарбыздан уланған ағзаның қалпына келу процесі қанша уақытқа созылуы мүмкін?
– Ол науқастың қарбыздан улану деңгейіне байланысты жеңіл, орта және ауыр дәрежелі болып бөлінеді. Бұл мерзім бір аптадан бір айға дейін, кейде ауыр жағдайда одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Әсіресе созылмалы ауруы көп, егде жастағы адамдардың, иммундық жүйесі енді қалыптасып келе жатқан бүлдіршіндердің сауығып кету уақыты ұзағырақ болуы мүмкін.
Айта кететін жағдай, енді ғана қосымша тамақ беріп бастаған 6 айдан 3 жасқа дейінгі балаларға қарбызды мүлдем бермегеніңіз абзал.