Дүниежүзілік қарттар күніне орай №2 емханада геронтолог, лор, хирург, жүрек дәрігерлері қарт кісілердің денсаулығын тексерістен өткізіп, пайдалы кеңесін айтты. Дәл қазір аталған емханада 60 жастан асқан 13 200 кісі тіркелген. Оның 156-сы 90 жастан асқан, ал 100 жасағандардың саны 11 адам. 

Емхананың геронтолог дәрігері Сәрсенгүл Сүгірәлиева қартайғанда дәрі-дәрмек көмегіне жүгінбеу үшін бүгіннен бастап не істеу керегін айтты. 

– Қартайғанда денсаулық жақсы болуы үшін не істеу керек?

– Адамның қалай қартаятыны өмір сүру салтымен тікелей байланысты. Ұзақ өмір сүргісі келетін адамдар ең алдымен дұрыс тамақтану, таңертең ерте тұрып, уақтылы ұйықтау, таза ауада серуендеу, көбірек қимылдауы керек. Қазір жастар да, егде жастағылар да кеңседе отырып жұмыс істейді. Бұл физикалық денсаулық үшін аса зиян. Әйгілі ойшыл Аристотель "Дене қозғалмаса – өлгені" деп айтқан екен. Сондықтан қимыл-қозғалыс, спорт – ұзақ өмір сүрудің бірінші кілті. Екіншіден, таза ауада және салқын бөлмеде ұйықтау. Үшіншіден, күйзеліске бой алдырмай, көңілді жүруге тырысу, қуанатын себеп іздеу, күлімсіреу. Ол да зат алмасу процесін жақсартуға көмегін тигізеді. Төртіншіден, дұрыс тамақтану.

– Дәрі-дәрмексіз денсаулықты жақсартуға бола ма?

– Әрине, дәріні салауатты өмір салтын ұстануға алмастыруға болады. Ол – шылым шегу, ішімдік ішу секілді зиянды әдеттерден аулақ болу, ұйқыны дұрыстау, құнарлы тамақ пен дәрумен ішу. Күнделікті кем дегенде денені шынықтыруға 30 минут уақыт бөлу керек. Қазір экологияның нашарлағанына қарамастан, қаланың сыртында ауасы таза жерлерді табуға болады. 

Адамның қартаюы – күрделі құбылыс. Ғалымдар қазір ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын зерттеп жатыр. Геронтология ғылымының өзі ұзақ жасаудың құпиясын ашумен айналысады. 


Оқи отырыңыз: Дененің ісінуі, шаштың түсуі және ұйқысыздықтың себебі не? Фармацевт-нутрициолог түсіндірді


– Қартайғанда дәріге жүгінбеу үшін дәрумендердің де маңызды екенін айттыңыз. Анализ тапсырмаса да, көпшілік үшін қажет деген дәрумендер бар ма?

– 50 жастан асқаннан кейін ағзаға көмектесу үшін А, Е, Д, С дәрумендерін ішу қажет. Емхана науқастарының диагнозына талдау жасайтын болсақ, темір тапшылығы себебінен анемияның жиі кездесетінін көреміз. Сол себепті осы диагноз қойылған ата-әжелерімізге калий, магний, кальций секілді микроэлементтер аса қажет. Ал қажет мөлшерін дәрігерден білуге болады. 

– Үлкен кісілердің тамақ рационы қандай болғаны жөн?  

– Қан айналымын баяулатып, жүрек ауруларын асқындыратындықтан, қандағы холестерин деңгейін жиі тексеріп тұру қажет. Сонымен қатар жауыр болса да, қандағы қант мөлшерін бақылау аса маңызды. Өйткені глюкозаның көп болуы қант диабетіне шалдықтырады. Трансмайлар қосылған тамақтар ағза үшін зиян болғандықтан, орнына балықты аптасына екі рет қуырмай, буға пісіріп жеуге болады. Қазақ халқы ет тағамдарын ертеден тұтынып келе жатқандықтан, ағзамыз оны жақсы сіңіреді. Яғни ет пен саумал қашан да пайдалы. 


Оқи отырыңыз: "Гендерлік ауру": Неге әйелдердің буындары көбірек ауырады? Ревматолог дәрігермен сұхбат


Үлкен кісілердің ағзасы тез құрғайтындықтан, суды көбірек ішу қажет. Ең бастысы дұрыс тамақтану дегеннің тойып ішу еместігін ұмытпау. Бұдан өзге қарт кісілерге иммунитетін көтеруге C, D дәрумендері мен күн сәулесі көп көмектеседі.