Псориаз терінің созылмалы қабынуымен байланысты ауру. Псориаз кезінде науқастың денесінде қызыл түсті бөртпелер мен ақшыл түсті қабыршықтар пайда болады. Көбінесе тұқым қуалайтын бұл ауру қышиды және адамда ауырсыну сезімі пайда болады. Сондай-ақ дәрігерлер оның психологиялық себебі көп екенін, адамға моральдық тұрғыдан қиындық тудыратынын айтады. 

Аурудың атауы гректің "Psora" "тырнау" деген сөзінен шыққан. Халықаралық статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шамамен жер бетіндегі адамдардың 3 пайызы осы ауруға шалдығады және көбінесе 15 пен 45 жас аралығындағы азаматтар ауырады. Ауру өмір үшін аса қауіпті болмаса да, емделуі қиын. 

Мамандар аурудың туындауының басты төрт себебін атайды:

  • тұқым қуалау. Егер адамның ата-анасы немесе өзге жақын туысқандарында псориаз болса, онда қатты күйзеліс кезінде осы адамға да шығуы мүмкін;
  • тері жасушаларының шамадан тыс белсенді бөлінуі;
  • күйзеліс;
  • аурудан кейін иммунитеттің төмендеуі.

Оқи отырыңыз: Қарбыздан уланбау үшін не істеу қажет? Дәрігер кеңесі


Алматы қалалық №2 емхананың дерматолог дәрігері Азадям Ибрагимова псориаздың туындау себебі мен Қазақстанда бұл ауруға шалдыққандарға қандай көмек көрсетілетіні туралы әңгімеледі. Дәрігердің айтуынша, 2020 жылы енгізілген псориаздың ауыр түрін тегін емдеу бағдарламасының арқасында емнің оң нәтижесін көріп жатқандар көп. 

– Бұл ауру қалай басталады? 

– Дәл қазір Қазақстанда бұл аурулар балаларда да жиі кездесіп жатыр. Бастапқы кезде безеу секілді бөртпелер пайда болатындықтан, оны ажыратып алу қиын. Дегенмен оны шығатын орындарының ерекшеліктеріне қарай ажыратуға болады. Көбінесе дененің түкті бөлігі мен аяқ-қолға шығады. Сосын құлақтың артқы бөлігінде пайда болады. Мысалы, әріптестеріміз Солтүстік Қазақстан облысында зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесінде псориаздың құлақ және басты бірінші зақымдайтыны анықталды. Дегенмен дененің қай бөлігіне шығатыны әр адамда әртүрлі. 

– Псориаз ауруы тұқым қуалайды деген рас па?

– Егер псориаз ата-әжелеріңізде, ата-аналарыңызда болса, сізге де жүз пайыз шығады деген сөз емес. Бұл тек бейімділіктің бар екенін білдіреді. Әсіресе қатты күйзеліс кезінде шығуы мүмкін. Яғни алдын алатындай жағдай жасалмаса, шығуы мүмкін. Біз алдымызға науқас келген кезде оны бастан-аяқ тексеріп қана қоймай, отбасылық анамнез жасаймыз. Осы талдау барысында көп жағдайда жақындарында болғаны анықталады. 

– Бұл ауру жұқпалы ма? Сырт көзге жұғатын ауру секілді болып көрінеді және қоғамның да жиіркенішпен қарайтынын жасыра алмаймыз. 

– Псориаз аса қауіпті ауру болмаса да, созылмалы індетке жататындықтан жан-жақты зерттелген. Әсіресе психосоматика тұрғысынан. Қазір медицина әлдеқайда дамыған. Барынша аурудың алдын алу жолын іздейміз, вакцина жасап шығарамыз және психологиялық себебін анықтаймыз. Мысалы, онкологияны өкпе-реніш, кек алумен байланыстырсақ, псориаз махаббатқа зәрулік, өзіне берер бағаның төмендігімен, болып жатқан оқиғаның немесе белгілі бір адамның өзіне жақпауымен байланысты болуы мүмкін. Терінің қызметі бөліп шығару, тыныс алу және алмасу. Ең көп жүйке талшықтары осы теріде орналасқан. Яғни тері ауруы жүйкесіне тиетін бірнәрсе болып жатыр деген сөз. Өмірде бұл туралы ашық айта алмағандықтан, ол терісі арқылы адамдарды немесе бір ситуацияларды өзінен алыстады. Псориаздың денеге жылдам таралатыны рас, бірақ бұл жұқпалы ауру емес. Дегенмен оны бірден бастала салысымен емдеткен абзал. Яғни мұның барлығы псориазды кешенді түрде емдеу қажет екенін көрсетеді. 


Оқи отырыңыз: Күйік пен теміреткіге шипа. Жантақ пен түйе сүтін қалай емдік мақсатта қолдануға болады


– Қазақстанда алты мыңнан астам адам псориазбен есепте тұр. Оларға мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау көрсетіле ме?

– Жыл басындағы есеп бойынша елімізде 6242 науқасқа псориаз диагнозы қойылған. Осылардың отыз пайызының жағдайы асқынған. Яғни ауру орташа немесе орташа ауыр түрінде таралған. 2020 жылдан бастап псориаз тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс аурулар тізіміне енді. Емдеу процесі медициналық сақтандыру шеңберінде жүзеге асады. Дәл қазір псориазды емдейтін фототерапия әдісі өз жемісін беріп жатыр. Яғни науқастар посриазбен есепке тұрғаннан кейін қажет дәрі-дәрмек пен емді тегін ала алады.