Көзге қарап, жүректің жағдайын қалай білуге болады?
Көздің тор қабығындағы микроскопиялық тамырлар адамның биологиялық жасы мен жүрек-қан тамыр ауруларының даму қаупін анықтауға көмектесе алады. Канаданың Макмастер университетінің ғалымдары көз торындағы тамырлардың құрылысы арқылы ағзаның қартаю үдерісін және жүрек ауруларының ықтималдығын болжауға болатынын анықтады.
Зерттеу авторы, Макмастер университетінің медицина кафедрасының доценті доктор Мари Пигейрдің айтуынша, көз – бүкіл ағзаның тамыр жүйесін инвазивті емес әдіспен бағалауға мүмкіндік беретін ерекше мүше.
"Тор қабықтағы қан тамырларындағы өзгерістер денедегі барлық ұсақ тамырларда жүріп жатқан үдерістерді көрсетеді", – дейді ол.
Ғалымдар 74 мың адамның деректерін, соның ішінде көздің тор қабығын сканерлеу нәтижелерін, генетикалық ақпаратты және қан талдауларын біріктіріп зерттеген. Нәтижесінде, тор қабықтағы тамырлардың тармақталуы төмен адамдарда ағзаның жедел қартаю белгілері жиі байқалатыны анықталды. Олар:
- қабыну деңгейінің жоғары болуы;
- өмір сүру ұзақтығының қысқаруы;
- жүрек-қан тамыр аурулары қаупінің артуы.
Зерттеу авторларының айтуынша, бүгінде инсульттен бастап деменцияға дейінгі жасқа байланысты ауруларды анықтау үшін күрделі диагностикалық тексерістер қажет. Ал болашақта қарапайым көз торын сканерлеу әдісі тамырлардың жағдайын және адамның биологиялық жасын жылдам әрі қолжетімді түрде анықтауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Зерттеудің тағы бір маңызды тұсы – қан биомаркерлері мен генетикалық деректерді талдау. Ғалымдар қартаю процесімен байланысты екі негізгі ақуызды анықтады: MMP12 және IgG-Fc IIb рецепторы. Екеуі де қабыну үдерістеріне қатысады және тамырлардың қартаюын баяулатуға бағытталған жаңа дәрі-дәрмектерді әзірлеуде перспективалы нысан бола алады.
"Қазіргі технологиялар организмге ота жасамай-ақ үңілуге мүмкіндік береді. Тор қабықты зерттеу – жүрек-қан тамыр ауруларының қауіптерін алғашқы белгілер пайда болғанға дейін анықтауға жол ашады. Бұл – персонализирленген медицинаның дамуына серпін беретін маңызды қадам", – деді "Денсаулық" ұлттық қаымдастығының президенті, дәрігер Бақыт Түменова.