Көктемде бетімізге қалай күтім жасаймыз? Косметолог Алтын Сартаймен сұхбат
Дерматолог Лесли Бауманн тері типін он алтыға бөліп, олардың әрқайсына толыққанды сипаттама берген.Косметолог маман Алтын Сартай бетте қара дақ пен безеудің пайда болу себебін және оларды қалай емдеуге болатынын әңгімеледі. Мұнымен қатар, маман көктем мезгілінде теріге қалай күтім жасау керектігін бөлісті.
– Тері типін қалай анықтаймыз және оның қанша түрі бар?
– Терінің 4 типі болады деген ескірген ұғым және косметика таңдаған кезде "терім майлы немесе құрғақ" деп айту жеткіліксіз. Америкалық дерматолог Лесли Бауманн тері түрлерін он алтыға бөліп, олардың әрқайсысына толыққанды сипаттама берді. Бұл классификацияда терінің дақ, әжім, тітіркену және тағы басқаға бейімділігі тереңінен қарастырылған. Тәжірибелі косметолог-эстетистер өз теріңіздің типін анықтауға жақсы көмектеседі.
– Негізгі тері күтімі үш басты элементтен тұрады: жұмсақ тазарту, ылғалдандыру және күннен қорғау. Осылардан кейін ғана терінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін белсенді ингредиенттер қосамыз. Көктемде С дәрумені мен ниацинамидпен қосымша қоректендіру арқылы тері жағдайын жақсарта аламыз. Ең бастысы – SPF крем қолдануды ұмытпау.
– Интернетте терісін күн сәулесінен қорғамаған жүк көлігі жүргізушісінің суреті кеңінен танымал. Мұндай суреттерге қаншалықты сенуге болады?
– Бұл суреттер өтірікке қарағанда шындыққа жақынырақ. Оның үстіне жазға қарағанда көктемде күн теріге қатты әсер етеді. Жаңа химиялық фильтрлерге негізделген, екі жарым сағат сайын жаңартып отыруды қажет етпейтін SPF кремдерді қолдануға кеңес беремін. Мұнымен қатар, күн сәулесінен қорғайтын кремдерді сыртындағы аббревиатураларға қарай таңдаудың пайдасы мол.
SPF ("sun protection factor" – ред. түсіндірмесі) "күннен қорғайтын фактор" дегенді білдіреді және теріге енуге тырысатын ультра күлгін сәулелерді бұғаттайды. Мұндай кремдердің сапасын анықтаудың бірнеше тәсілі бар. Егер SPF-15 кремін жаққан соң тері 10 минуттан кейін қызара бастаса, онда крем теріңізді екі жарым сағаттай қорғайды. Яғни күнделікті екі жарым сағат сайын беттегі SPF кремді жаңартып отыру қажет. Мұнымен қатар, кремнің қаншалықты қорғай алатыны маңызды. Мысалы, SPF-15 – UVB сәулесін 93-95% бұғаттаса, SPF-30 – 97%, SPF-50 – UVB сәулесін 98% бұғаттайды. Осы орайда, крем сыртындағы UV белгісінің нені білдіретініне тоқталып өтейін:
- UV (УС) – күннен тарайтын, көзге көрінбейтін "ультракүлгін сәулелер" дегенді білдіреді.
- UVA – "А" ("aging") – ұзын толқынды, қартайтатын сәулелер. Яғни бұл сәулелер дермадағы коллаген мен эластинді ыдыратып, теріні жылдам қартайтады.
- UVB – "В" ("burning") – терінің тек беткі қабатына әсер ететін күйдіргіш сәулелер. Ғалымдар денеде тері ісігі ауруының пайда болуына UVB сәулелері себепші екенін айтады. Десе де бір уақытта UVA және UVB сәулелерінен қорғайтын кремдерді қолданған артық болмайды.
Оқи отырыңыз: Көктемде қалай арықтап, дұрыс тамақтану керек? Нутрицолог кеңестері
– Безеуді неге сығуға болмайды және оны қалай емдейміз?
– Біріншіден, безеуді сыққан кезде ішіне инфекция түседі. Екіншіден, дұрыс сықпағанда орнында үлкен тыртық қалып қояды. Әр ағзаның өзіндік ерекшелігі болатындықтан, кез келген дәрі барлығына бірдей жаға бермейді. Нүкте етіп тура безеудің үстіне жағатын құралдар ісінуді басып, теріні тынышталдырады.
– Беттегі қара саңылауларды қалай кішірейтуге болады?
– Мұндай саңылаулар әу бастан бар, бірақ май бездері гипербелсенді болғанда олардың аузы үлкейе түседі. Ағзада май көп өндірілген кезде секреция кедергісіз шығуы үшін тері саңылауларының аузы кеңейеді. Ал тері саңылауының көлемі бұл процесс кезінде өзгеріссіз қалатын болса, тері астында қара нүктелі безеулер пайда болады. Мұнымен қатар, асқынған жағдайда терінің терең қабатында ірің инфильтраты түзіледі. Мұндайға жол бермеу үшін күнделікті қара саңылауларды жұмсақ тазарта білу маңызды.
– Ал көлемі үлкен қара дақтардан қалай арылуға болады?
– Меланин – қара дақтар терінің ультракүлгін сәулеге "берген жауабы", яғни осы сәуленің теріс әсеріне төтеп бере алмай жатыр деген сөз. Қалыпты жағдайда меланин күн сәулесін өзіне сіңіріп алып, оның жасуша ядросы мен ДНҚ-ға өтуіне жол бермейді. Ал меланинді арнайы меланоцит жасушалары өндіреді. Меланоциттер меланинді ағзаға қажет мөлшерден бірнеше есе көп синтездеген кезде бетте үлкен қоңыр-қара дақтар пайда болады. Ал меланоциттің меланинді синтездеуінің бірнеше себебі бар, солардың көп кездесетін үшеуін атап өтейін:
- Терінің күннен қорғану реакциясы. Секпілді сұлулық деп қабылдап жатамыз, алайда бұл ағза мен терінің өзін ультракүлгін сәулелерден қорғай алмай жатқандығының белгісі. Пилингтен кейін бетте дақтар керісінше көбеюі мүмкін. Ең жақсысы – секпіл мен дақтарды әртүрлі крем, сарысу және іріткі көмегімен кетіру.
- Қартайғанда пайда болатын қара дақтар. Егде жастағы адамдарда "күн лентигосына" ұқсайтын, диаметрі 1 см болатын дақтар пайда болады. Бұл дақтар бетке ғана емес, дененің басқа бөліктеріне де шығады. Бірінші түрінен басты айырмашылығы – күн суығанда, қыс мезгілінде өздігінен жоқ болып кетпейді. Мұндайда ретиноидтар мен күннен қорғайтын кремдер жақсы көмектеседі және ем ұзақ уақытқа созылады.
- Жүктілік кезінде пайда болатын хлоазма немесе меланодермия. Меланодермияның пайда болуы эстроген мөлшерінің жоғарылауымен тікелей байланысты. Оларды емдеуде гидрохинон, азелаин қышқылы, ретиноид, кортикостероид қолданылады.
Оқи отырыңыз: Жөргек дерматиті: "Памперсті" жиі қолданатын аналарға кеңестер
Дәлірек айтатын болсақ, қара дақтардың кетуі олардың қашан пайда болғанымен тікелей байланысты. Теріні ағарту тәсілін қаншалықты ертерек бастасақ, соншалықты теріміз дақтардан жылдам тазарады. Мұнымен қатар, іш-құрылысты емдеп, салауатты өмір салтын ұстану да маңызды.
– Еуропа, Корея, Жапония косметикалары көбіне қандай тері типіне жағады? Бұлай бөлу қаншалықты орынды?
– Жапония, Корея косметикасы – азиаттарға, ал Еуропа косметикасы еуропеоидтерге ғана сай келеді деген – аңыз. "Күтім" нақты ғылым болғанда, біз әрқайсымыз өзімізге керегін баяғыда тауып алатын едік.
– Көктемде тері жағдайын жақсартуға қандай дәрумендер көмектеседі?
– Тері үшін жемістер мен көкөністерден артық дәрумен жоқ. Негізінен сәбіз, бұрыш, асқабақ, асжапырақ жасушалардың жаңаруына ықпал ететін бета-каротинмен қамтамасыз етеді. Мұнымен қатар, бұл көкөністер терінің құрғауы мен қабынуына жол бермейтін А дәруменіне бай.
Оқи отырыңыз: Шаш неге түседі және оны қалай тоқтатуға болады? Дәрігер кеңесі
– Соңғы уақытта TikTok желісінде "барлық аруда болуы керек кремдер" туралы видео хит болып жатыр. Олардың барлығы расымен көмектесе ме?
– Жуырда осылай кең тараған видеолардың біріне талдау жасаған едім, оны төмендегі видеодан көре аласыздар. Видеодағы өнімдердің ішінде аса пайдалысы және тек PR-маркетинг арқылы асқан танымалдылыққа ие болғандары бар. Кейінгісінің пайдасы әртүрлі болса да, қалтаны қағатыны сөзсіз. Сондықтан енді тұрақты түрде осындай талдау видеоларды жариялап отырмақпын.
Қабынған және беті ашық жараны механикалық әдіспен тазалайтын болсақ, жаралар одан бетер ісіп кетеді. Оның үстіне бұл әдіспен акнені емдей алмаймыз. Механикалық тазалау әдісін тек камедондардың беті жабық болған кезде қолданған абзал.
Көптеген косметолог безеу мен қара дақты сығып, артынша үстін хлоргексидинмен сүртуге кеңес береді. Бірақ, бұл керісінше теріні қабындырып, жасушаларды өлтіреді. Күнделікті үйде күтімді дұрыс жасайтын болсақ, бетті тазалатуға бармай-ақ қойсақ та болады.