Киік етінен жасалатын 5 тағам. Кәсіби аспаздың кеңестері
Қазақстанда киік еті ресми түрде сатылып жатыр. Астана супермаркеттерінде бір келі етінің бағасы 2300 теңгеден басталады. Диетологтар мен нутрициологтардың айтуынша, киік етінде В5 дәрумені, темір, мырыш, сондай-ақ, магний, селен бар. Сол үшін ол D дәрумені, темір және ақуыз тапшылығы бар адамдар үшін пайдалы. Осы ретте Informburo.kz тілшісі киік етінен қандай тағамдар жасауға болатынын анықтап, қарапайым рецепттерді жинақтады.
Қуырдақ
Аспаз Мақпал Нұрғалиеваның айтуынша, базарда сатыла басталғалы бері киік етінен тапсырыспен қуырдақ дайындауға сұраныс өскен.
"Киік етін сатуға рұқсат берілгелі тапсырыспен қуырдақ дайындап жүрмін. Жиі деп айта алмаймын, бірақ сұраныс бар. Себебі оның құрамында дәрумендер өте көп, пайдалы өнім", – дейді аспаз.
Мақпал Нұрғалиеваның айтуынша, киік етінен жасалған қуырдаққа міндетті түрде май немесе құйрық май қосу қажет, әйтпесе ет өте қатты, құрғақ болып қалады.
"Киік етінен қуырдақ қана дайындаймын. Ет өте құрғақ болғандықтан, алдымен қазанға май құйып, тұз сеуіп, қыздырып аламын. Сосын көп пияз салып қуырып, етті содан кейін ғана саламын. Сонда пияздың дәмі етке жақсы сіңеді. Ет біраз бұқтырылған кезде дәмі ашыла бастайды. Киік еті жабайы болғандықтан, өзіндік ерекше дәмі бар. Сол дәмді басу үшін ет толық піскен соң дәмдеуіштер қосамын. Соңында картоп қосамын", – дейді аспаз.
Аспаздың айтуынша, киік еті – өте майсыз, талшықты, қаракесек ет. Сондықтан көп адам ет асып, сорпа сияқты ұлттық тағамдарды дайындай бермейді. Алайда Жезқазған облысында бабын келтіріп, басқа тағамдарды жасайтын адамдар да бар.
Оқи отырыңыз: Киік етінің пайдасы мен бағасы қандай және оны жеуге Ислам рұқсат ете ме? Маңызды 8 сұраққа жауап
Бұқтырылған киік еті
Бұл тағамды дайындау үшін етті ұзақ уақыт маринадтау қажет. Ол үшін бір келі етті ішіне қант, бұрыш, қалампыр, кориандр, сірке суы мен түрлі дәмдеуіштер қосылған 5 литр суға 3-4 тәулікке толығымен батырып қою қажет. Кейін сол етті маринадымен бірге отқа қойып, жарты сағат қайнатады. Қайнаған етті алып, табаға салып, майға орташа отта қызарғанша қуырады. Табада қалған сорпаға жарты стақан құрғақ жүзім шарабын және жарты стақан маринад қосуға болады. Дәміне қарай тұз бен бұрыш қосып, бетін жауып, бір сағатқа жуық бұқтыру қажет. Дайын болған кезде жанына көкөністер немесе картоп қосуға болады.
Палау
Киік етінен дайындалған палаудың дәмі ерекше. Ол үшін киік еті, күріш, сәбіз, пияз, алдын ала дайындалған ноқат, сарымсақ, зира, тұз, дәмдеуіштер, май қажет.
Етті текшелеп турап, қазанда қыздырылған майға етті қызарғанша қуыру қажет. Кейін пияз бен сәбізді қосып, тағы 7-10 минут қуырыңыз. Кейін дәмдеуіштерді қосып, қайнатылған ноқатты салып, аздап су құйып, ет жұмсарғанша 20-30 минут бұқтыру қажет. Сол аралықта күрішті суы мөлдір болғанша жуып, ет пен сәбіздің үстіне тегістеп салу қажет. Күріш 1-2 см батып тұратындай мөлшерде қайнаған су құйып, қазанның ортасына тұтастай сарымсақ басын салу керек. Қазанның астындағы отты азайтып басып, қақпағын жауып, күріш суды толығымен сіңіргенше 20-25 минут қайнату қажет. Піскен кезде оттан алып, 10 минут демдеп, абайлап араластырып, дастарқанға ұсынуға болады.
Кәуап
Киік етінің бабын тауып, кәуап немесе кебаб пісіруге де болады. Ол үшін тартылған киік еті, пияз, сарымсақ, жұмыртқа, кептірілген нан ұнтағы, тұз, бұрыш, зира қажет. Сонымен қатар табиғи йогурт, аскөк, лимон шырынынан соус жасайды. Ең алдымен тартылған етті ұсақтап туралған пияз, сарымсақ, жұмыртқа, нан ұнтағымен және дәмдеуіштермен араластырып, қоспа жасайды. Сол қоспадан ұзынша кебабтар жасап, шампурға тізеді де, 20-30 минутқа тоңазытқышқа қатырып қояды. Кейін кебабты орташа отта, әр жағынан 6-8 минуттан толық піскенше қуыру қажет. Піскен соң, дайын соусымен, лавашпен және жаңа көкөністермен бірге дастарқанға ұсынуға болады.
Тұшпара
Киік етінен дайындалған тұшпаралы сорпа – өте жұмсақ әрі жеңіл тағам. Ол үшін киік еті, су, май, пияз, тұз, бұрыш, дәмдеуіштер, ұн, жұмыртқа қажет. Бірінше сүйегі бар етті суға салып, баяу отта 1,5-2 сағат қайнату қажет. Сорпаның бетіне шыққан көбікті алып тастауды ұмытпаңыз. Ет пісіп жатқан кезде тартылған киік етіне пияз, қара бұрыш, тұз, май қосып, қамырын илеп, тұшпара түйіп қою қажет. Ет піскен кезде дайын сорпаға тұшпараны 5-6 минут пісіріп, сорпамен бірге ұсынады.
Киік етін қайдан сатып алуға болады?
Киік етін сатып алу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет, өйткені ветеринарлық бақылаудан өтпеген ет адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, киік етінің шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын ветеринарлық анықтамасы болуы керек. Сол себепті ветеринарлық бақылау комитеті қазақстандықтарға киік етін тек ресми орындардан – барлық қажетті құжаттары бар дүкендерден ғана сатып алуды ұсынады.