Ипотекамен үй алғанда қалай ақша үнемдеуге болады
Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу келісімшарттары көбіне нотариус кабинетінде жасалады. Алайда, нотариус кабинетін айналып өтіп, 40 мың теңгеден астам соманы үнемдеуге болатынын көп адам біле бермейді. Ол үшін не істеу қажет?
Бұл үшін сату-сатып алу келісімшартын өз бетіңізше Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеу қажет.
ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, келісімшартты нотариусқа барып немесе жай ғана жазбаша түрде жасасуға болады. Яғни, баспананы нотариусқа бармай-ақ сатуға, сатып алуға болады. Қатесіз толтырылып, мемлекеттік базада тіркелген сату-сатып алу келісімшарты мен заңгердің көмегімен толтырылған келісімшарттың заң жүзінде күші бірдей.
Қанша теңге үнемдеуге болады?
2024 жылы нотариустың сату-сатып алу келісімшартын куәландыру қызметі 45 765 теңге тұрады (алдағы жылы бұл сома өзгереді). Мұның ішіне 12 АЕК (44 304 теңге) және 1 461 теңге (меншік құқығын тіркегені үшін төленетін мемлекеттік баж салығы) кіреді. Ал, келісімшартты Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдесеңіз, тек 1448 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлейсіз. Осылайша, 44 мың теңгеден астам қаражат қалтаңызда қалады.
Келісімшартты өз бетінше рәсімдеу тәртібі:
- Ең алдымен келісімшартты құрастырыңыз.
Ондағы барлық ақпаратты мұқият түрде толтырып шығыңыз:
– сатушы мен сатып алушының аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, азаматтығы, отбасылық жағдайы;
– жылжымайтын мүлік туралы ақпарат (тура құжаттағыдай толтырыңыз: кадастр нөмірі, мекенжай, ауданы және т.б.).
Жазылған ақпаратты жақсылап бір тексеріп шығыңыз. Келісімшарт қатесіз болуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне кім және қалай тұра алады? Маңызды 8 сұраққа жауап
Келісімшартта төмендегі нәрселер көрсетілуі қажет:
– Жылжымайтын мүліктің сатылатын бағасын санмен және әріптермен, теңге бағамында жазып шығыңыз.
Егер сізге сатып алушы алдын-ала кепілақы берген болса, оны да көрсетіңіз.
– Төлем түрі мен мерзімін жазыңыз. Мысалы, келісімшарт жасасқан күн немесе оны тіркегеннен кейін деп көрсетіп, төлем түрін қолма-қол ақша не банк шотына аудару деп жазыңыз.
– Объектіні тапсыру шарттары. Бұл жерде пәтерді босатып, кілтті тапсыратын күнді нақтылап жазу қажет. Сатушы үйді босатпаған жағдайда қарастырылатын айыпппұлды да көрсетуге болады.
Сондай-ақ, келісімшартта пәтерде қалдырып бара жатқан жиһаз бен техниканы көрсетіңіз.
- Келісімшартты Халыққа қызмет көрсету орталығында куәландырыңыз. Ол жерге пәтерді сатушы мен сатып алушы бірге баруы тиіс.
Сонымен қатар, ХҚКО барғанда сатылып жатқан жылжымайтын мүліктің құқық белгілеуші құжаты мен техникалық паспортын да ала бару қажет. Учаскесі бар жер үй сатқан жағдайда мемлекеттік актті де апару керек. Одан бөлек, сатушы мен сатып алушының жеке куәліктері, олар заңды некеде болса, жұбайларынан келісім алу қажет.
Жұбайыңыздың келісімін нотариус арқылы немесе онлайн алуға болады. Бұл қызметтің құны 1,5 АЕК-ке тең.
Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері келісімшартты тексеріп болған соң, 2 экземплярына қол қояды.
Оқи отырыңыз: Тұрғылықты және уақытша тіркеу. Маңызды 8 cұраққа жауап
3. Келісімшартты тіркеңіз. Бұдан кейін баспананы сатып алушы азамат ХҚКО қызметкеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге өтініш береді.
Мемлекеттік тіркеу құны (қосылған құн салығымен бірге есептегенде):
- Пәтер, жер үй үшін – 1 448 теңге;
- Жер учаскесі үшін – 1 263,04 теңге.
Мемлекеттік баж салығын үйді сатып алушы азамат төлейді.
Тіркеу процесі 3 жұмыс күніне созылады. Жеделдетілген тіркеуге де тапсырыс беруге болады, бірақ, оған 5 мың теңге көлемінде қаражат төлеу қажет.
Келісімшартты нотариусқа бармай жасаудың кемшіліктері бар ма?
Келісімшартты нотариус куәландырған кезде ол өзінің әрекеті үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті мойнына алады. Ал, сату-сатып алу келісімшарттары нотариуссыз жасалған кезде барлық жауапкершілік сатушы мен сатып алушыға жүктеледі. Сондықтан, үйді сатпас бұрын жылжымайтын мүліктің және оның иесінің барлық құжаттарын мұқият тексеріп алған жөн.
Одан бөлек, нотариус жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу процесінің тікелей куәгері болады. Баспананы өз бетіңізше сатқан кезде қасыңызға куәгер алып барасыз ба, жоқ па, оны да ойланғаныңыз жөн. Құжаттардан қандайда бір қате тапсаңыз немесе сатушыдан күдіктенсеңіз, өз бетіңізше келісімшарт жасауға асықпаңыз. Мұндай жағдайда тәжірибелі заңгердің көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс.