Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультативтік-диагностикалық орталығының эндокринолог дәрігер Эльнара Ахмедова Informburo порталына қант диабеті түрлері, адамдардың оған шалдығу себебі мен одан айығу жолдары туралы айтты. 

– Бүгінгі таңда қант диабетіне қатысты статистика қандай?

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша "Д" есебінде 439 327 адам тұр. Бұл ретте, науқастардың басым көпшілігі – 95 пайызы қант диабетінің екінші түрімен ауырады. Яғни, дұрыс тамақтанбау, аз қозғалмалы өмір салты және тағы басқа себептерден пайда болған. Ал соңғы 10 жылда қант диабетімен ауыратындар саны 2 есе артты. Қант диабетімен ауыратындар санының бұлай артуы денсаулық сақтау ұйымдары медициналық қызметкерлерінің ауруды анықтауының жақсаруына, салауатты өмір салты, яғни фаст-фудты шамадан тыс тұтыну, артық салмақ және тағы басқаға байланысты.

– Қандай белгілер байқалған кезде науқас эндокринолог маманға қаралуы тиіс? 

– Егер ауыздың құрғауы, шөлдеу, жиі зәр шығару, салмақ жоғалту, әлсіздік, ұзақ уақыт емделмейтін жаралар, терінің қышуы, терінің жиі іріңді зақымдануы сияқты белгілер мазаласа, онда эндокринологқа жүгіну керек. 

– "Қант диабеті" диагнозы қойылған адам не істеуі керек? Үй жағдайында, күнделікті өмірде қандай да бір ұстану қажет ережелер бар ма?

– Егер қант диабеті диагнозы қойылса, онда белгіленген диетаны ұстану, дәрігер тағайындаған қантты төмендететін дәрілерді қабылдау керек. Сондай-ақ қандағы қант мөлшері мен гликирленген гемоглобинді бақылап тұру қажет.

– Қант диабетіне шалдыққан адам қандай тағамдарды көбірек жегені абзал? 

– Қант диабеті кезінде №9 диетаны ұстану қажет. Бұл диета қант диабетінің 1-ші және 2-ші типтері бар адамдарға тағайындалады.

Шектеулі түрде пайдалануға болады:

  • картоп – аптасына 1-2 рет қайнатып жеуге ұсынылады, мүмкіндігінше бас тартқан жөн;
  • тұтас дәнді макарон өнімдері – нанның күнделікті мөлшерінен бас тартуды ескере отырып, сирек жеуге болады;
  • қызылша мен сәбіз – шикідей салат жасап (инсулин терапиясындағы науқастар қайнатпалы түрін).

Оқи отырыңыз: Маусымдық аллергия мен астмадан қалай арылуға болады? Аллергологпен сұхбат


Төмендегі өнімдерді мезгілімен қолдануға болады. Дәрігермен кеңескен жөн, өйткені әр пациент үшін диета жеке түзілуі мүмкін.

Күнделікті асқа енгізуге ұсынылатын тағамдар:

  • тәтті және қышқыл жемістер (1-2 дана) және жидектер (1 уыс);
  • грейпфрут, апельсин, жасыл алма және тағы басқа (күніне 1-2 дана);
  • көкөністер;
  • қияр, кәді, баклажан, салат бұрышы, асқабақ, самсар, балдыркөк;
  • кебек, ақуыз, қара бидай наны;
  • майсыз балық пен теңіз өнімдерін қайнату, пісіру немесе буға пісіру ұсынылады;
  • майсыз ет: бұзау, тауық және күркетауық, сиыр еті;
  • қайнатылған жұмыртқа;
  • майы аз сүт өнімдері: сүзбе, ашытылған сүт сусындары, қатты ірімшіктер (тұздалмаған және майы аз);
  • аз мөлшерде жарма мен бұршақ дақылдары;
  • көкөніс шырыны, қантсыз компот пен жеміс сусындары, шай, кофе.

– Қант диабетіне тәттіні жақсы көретіндер шалдығады, дейді. Бұл қаншалықты рас? Бұл аурудың пайда болу себебі не?

Белгілі бір дәрежеде қантты тағамды асыра пайдаланудан бөлек, адамда артық салмақ, созылмалы панкреатит, тұқым қуалаушылық та қант диабетіне шалдықтыруы мүмкін. 1 типті қант диабетінің даму себебі – ұйқы безінің β-жасушаларына антиденелер, ал 2 типті қант диабетінің себебі – 2 типті қант диабетінің дамуына әкелетін инсулинге төзімділік.


Оқи отырыңыз: Қазақстанның қай қалаларында ЭКО операциясы тегін жасалады? Тізім


– Белгілі бір жастағы адамдардың бұл ауруға шалдығу қаупі жоғары ма?

– Иә, артық салмағы бар және 45 жастан асқан әйелдер.

– Балалар да эндокринолог маманға қаралып тұруы тиіс пе?

– Егер балада қант диабетінің даму қаупі бар болса, қаралуы қажет. Екінші типтегі қант диабеті "жасарған" – бүгінде ол балалар мен жасөспірімдерде де анықталады. Бүгінгі таңда Қазақстанда осы аурудан зардап шегетін 200-ге жуық кішкентай пациент бар. Нақты көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін, сондықтан оған тұқым қуалау бейімділігі, артық салмақ, тамақтану сипаты және тағы басқасебеп болу мүмкін.

– Диабет кезінде адам арықтай ма, керісінше салмақ қоса ма?

– 1 типті қант диабетінде салмақ жоғалады. 2 типті қант диабетінде пациенттер инсулин тапшылығы мен қанда қант жоғары болған кезде ғана салмағын төмендетеді.

– Жалпы бұл ауруға шалдыққандарға қандай кеңес бересіз?

– Қант диабетінің күрделі асқынулары болмаған жағдайда күніне кемінде 10 мың қадам жүру, физикалық жаттығулар жасау.