Павлодар облысы Ефремовка ауылының тұрғыны Геннадий Бондарь 16 жыл бұрын сырқаттың салдарынан екі аяғынан айырылса да, оған еш мойымай, қол қусырып қарап отырмады. Аяқ киім жөндеп, қолғап тікті, дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Ал өткен жылы тәуекелге бел буып, жеке кәсібін ашты.

Геннадий Бондарьдың дәнекерлеу орны дәл үйінің ауласында орналасқан. Онда ол арнайы тапсырыспен жасалған арбамен жүреді. Қорғаныш қалпағын киген ер азамат асқан ептілікпен дәнекерлеу аппаратын "ұршықша үйіріп", темірмен "терең сырласады". Газ-электр дәнекерлеуші мамандығын 40 жыл бұрын Павлодардағы №158 кәсіптік-техникалық училищеде игерген Генадиий содан бері шеберлігін шыңдаудан жалықпады. Бұл ретте дәнекерлеушіге әрдайым жұмыстың табылатынын ұмытпайық.

"Біреуге батареясын бүтіндеу керек, екіншісі қазандығы мен дәнсепкіш техникасын жөндеп беруді сұрайды. Досым екеуміз бірнеше жабдықпен ақырын ғана көршілер мен туыстар, таныстарға қарайласып жүрдік. Содан бірде әкімдікте маған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы туралы айтты. "Сіз бизнес негіздерін оқыту бойынша бір айлық курстан өтіп, өз ісіңізді бастау үшін грант ала аласыз" деген әңгімелері құлағым майда жақты. Мұндай мүмкіндік күнде туа ма, көп ойланбастан келістім. "Өмір бойы оқудан жалықпа" деген бар емес пе?" – дейді Геннадий Бондарь сол бір кездерді еске түсіріп.

2019 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болған Геннадий "Бастау Бизнес" жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, кейін 252 500 теңге көлемінде грант иеленді. Сөйтіп ол ақшаға жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды – дәнекерлеу аппаратын, шарқайрақ пен масканы, қысқыш пен перфораторды, кескіш пен кілттерді сатып алды. Ескі саймандардың жағдайы белгілі, үнемі бұзыла береді. Жаңа заттармен жұмыс істеу де едәуір жеңілдеді. Аталмыш жақсылықтарға қанаттанған Геннадий Бондарь жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, оған "Фарт" атауын қойды. "Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің" деген осы шығар.

"Бұрын мен кәсіпкер сонша қызмет атқарады деп ешқашан ойлаған емеспін. Біраз өмір сүріп, түрлі жайтты бастан өткердік қой. Белгілі бір кәсіпорында жұмыс істесең, сен үшін есеп жүргізеді, кіріс-шығысты назарда ұстайды, жалақы төлейді, яғни көп дүниеге бас қатырмайсың. Мұнда керекті материалды тауып, келіссөз жүргізіп, пайдамен қоса клиенттің ренжіп қалмауына көңіл бөлу қажет. Есепші де, жеткізуші мен ұйымдастырушы да өзіңсің. Әрине, мұның бәрі өте қызықты", – дейді бизнесінің бастауында тұрған тұлға.


Геннадий Бондарьдың жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, сан соқпақты ғұмыры өткен жылы айтарлықтай өзгерген. Барлық уақытта дерлік жұмыстан бас көтермейді.

"Өмірімді жақсартып, дербес ісіме ден қойдым. Миды да артық ой мазаламайды. Табысым көбейді. Әзірге қыруар кіріс жоқ, бірақ зейнетақыға қосымша қаржы қалтада", – деп күледі Геннадий.

Кейіпкеріміз қандай шақта болсын отбасы мен достары қолдау көрсетіп, жігерін құм қылмағанын жеткізеді. Алдында қолды сілтей салып, үмітсіздікке душар болу және ақыл-ой мен темірден түйін түйетін алтын қолын еңбекке себепкер ету таңдауы тұрды.

"Жұмысқа әбден дағдыланып алған сияқтымын – дәнекерлеу сәтін ыңғайыма икемдеуге тырысамын. Пешке немесе орындыққа секіріп мінемін. Тіпті биіктігі екі метрлік қоршау жасаған кезім болды. Егер көмек керек болса, ауыл жігіттерін тартамын. Кейбір азаматтар шақырсаң да, келуден қашқалақтайды. Сонда деймін де, мен де мемлекет төлейтін мүгедектік зейнетақысына қарап отырсам болады ғой. Әуреленіп қайтемін? Бірақ, олай болмайды, тек алға ұмтылған дұрыс және басқаларға да осы арқылы табысқа жолығуларын тілеймін", – деп тұжырымдады іскер азамат.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында "Бастау-Бизнес" жобасы аясында 1750 адам оқытылды. Бұл Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты. 2020 жылға 1 112 мемлекеттік грант қарастырылған. Жыл басынан бері 1 042 грант берілсе, оның ішінде 151 грант жастарға, 176-і аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, 23-і мүмкіндігі шектеулі жандарға табысталған. Еске сала кетейік, 2020 жылдан бастап тиісті мемлекеттік грант мөлшері 200 айлық есептік көрсеткішті құрайды.