Пайызсыз қарыз, халал ипотека. Қазақстанда қандай исламдық қаржы өнімдері бар?
Қазіргі таңда исламдық қаржы нарығының көлемі әлем бойыша 2,5 трлн теңге айналасында.Жыл сайын шамамен 7% өсіп келе жатқан исламдық қаржы жалпы қаржы нарығындағы ең қарқынды секторлардың бірі саналады.
Қазақстанда соңғы он жылда исламдық қаржы ұйымдар жаңа өнімдерін шығара бастады. "Астана" халықаралық қаржы орталығына қатысушы исламдық банктер мен исламдық қаржы институттары нарыққа түрлі жаңа өнімдерін ұсынып келеді. Бұл мақалада исламдық қаржының ерекшеліктері мен дәстүрлі нарықтан артық-кемшіліктеріне тоқталамыз.
Ең алдымен, исламдық қаржы жүйесінің дәстүрлі қаржы жүйесінен айырмашылығынан бастасақ. Исламдық қаржы жүйесінің ең басты ерекшеліктері мыналар: қарыз пайызына тыйым салу; тәуекелді бөлісу; құмар ойындарына тыйым салу; тұрлаусыздық шарттарға тыйым салу; ислам заңдарына қайшы келетін экономиканың кейбір салаларын қаржыландырмайды.
Қазақстандағы Ислам қаржысының қалыптасуы
- 2009 жылы ислам банктері және исламдық қаржыландыру қызметі туралы заңдар енгізді.
- 2010 жылы Қазақстан аумағында Біріккен Араб Әмірлігі Үкіметімен бірігіп ашылған бірінші ислам банкі "Al Hilal" Ислам банкі" АҚ өз жұмысын бастады.
- 2012 жылы "Қазақстан даму банкі" АҚ Малайзия заңнамасына сәйкес жалпы жалпы сомасы 240 млн. малайзиялық рингит (шамамен 76,7 млн. АҚШ доллары) болатын орта мерзімді ислам бағалы қағаздарын (Сукук "аль-Мурабаха") шығарды.
- 2013 жылы жарғылық капиталы 36 млн. АҚШ долларын құрайтын алғашқы иджара (лизинг) компаниясы құрды.
- 2017 жылы "Заман-Банк" ислам банкі" АҚ дәстүрлі банктен толыққанды ислам банкіне айналды.2019 жылы АХҚО, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Хамад бен Халифа атындағы Катар университеті бірлесіп Исламдық қаржыландыру орталығын ашты.
- 2019 жылы Исламдық қаржыландыру принциптері бойынша АХҚО Орталық кеңесі құрылды.
Исламдық қаржы "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмысының басым бағыттарының бірі. Исламдық қаржы ұйымдарының бөлшек және корпоративті секторда жұмыс істеуі үшін АХҚО барлық қажетті жағдайды жасады. Азия даму банкі және Ислам даму банкінің қолдауымен ең жақсы халықаралық исламдық қаржылық тәжірибелер мен стандарттарды ескере отырып, қолайлы және мүмкіндік жарататын нормативтік-құқықтық база құрылды. Нәтижесінде исламдық банктер, банктік емес исламдық қаржы ұйымдары, исламдық активтерді басқару компаниялары, исламдық брокерлік-делдалдық компаниялар, исламдық сақтандыру компаниялары (такафул және ретакафул) АХҚО мүшелігіне тіркеле алады.
АХҚО-ның Astana International Echange биржасында Исламдық құнды қағаздарды шығару талаптары жасалды. 2020 жылы наурызда AIX ресми тізіміне Катар халықаралық ислам банкі шығарған исламдық қаржыландыру талаптарына сәйкес келетін сукук қарыз құралы енгізілді. QIIB сукукінің алғашқы ұсынысы Лондон қор биржасында 500 млн АҚШ доллары көлемінде жасалынған болатын.
2020 жылдың 25 желтоқсанда AIX биржасында 3 сукук ресми тізімге енгізілді. Атап айтқанда, олар: $1 млрд жасыл сукук, $ 1,5 млрд тұрақты сукук және $ 2 млрд дәстүрлі сукук. Құнды қағаздар $ 25 млрд-тық Орта мерзімді ноталар (MTN) бағдарламасы аясында шығарылды және AIX-тен бұрын Euronext Dublin, Nasdaq Dubai және Bursa Malaysia (Exempt offer) биржаларында листингтелген.
АХҚО-ның исламдық қаржы экожүйесінде Ұлыбритания, Швейцария АҚШ, Малайзия, Бахрейн, Катар, Египет, Ресей, Қазақстан секілді бірнеше елден 40-тан астам компания тіркелген.
2020 жылдың ақпанында Al Rayan Investment-ке (Катар) қарасты Al Rayan ислам банкі АХҚО-да тіркеліп, толыққанды исламдық цифрлық банк ретінде жұмыс атқаруды жоспарлауда. Бұдан бөлек, 2020 жылдың желтоқсанында Al Saqr ислам банкі де АХҚО мүшесі атанды.
Исламдық қаржының әрі қарай даму стратегиясын айқындау үшін Ислам даму банкінің техникалық қолдауымен 2025 жылға дейінгі Қазақстанда исламдық қаржыны дамытудың Бас жоспары (Жол картасы) дайындалды. Құжат исламдық банкинг, исламдық банктік емес қаржы секторы, исламдық капитал нарығы, исламдық сақтандыру және қайта сақтандыру (такаффул және ретакаффул), исламдық әлеуметтік қаржы, исламдық қаржы технологиялары мен халал сектор секілді әр түрлі салаларды дамыту бойынша ұсыныстарды қамтиды.
АХҚО алаңында тіркелген исламдық қаржы институттарының қолжетімді қаржы құралдары:
Исламдық банк өнімдері:
- Үлестік: мудараба және мушарака;
- Қарыздық: мурабаха, ижара (лизинг), салам, истисна, кардул - хасан, уадия;
- Комиссия / агенттік өнімдері: вакала.
Исламдық капитал нарығы құралдары:
- Исламдық бағалы қағаздар "Sukuk", ETF, REIT және т.б.
Исламдық қаржы компанияларының қызметтері:
- "Такафул" исламдық сақтандыру
- "Иджара" исламдық лизинг және т.б.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 2 ислам банктері Al Hilal және Заман-Банк өз қызметтерін атқаруда. 2020 жылғы дерек бойынша олардың жиынтық активтері – 54 млрд теңге.
Al Hilal банк Мурабаха келісім-шарты бойынша халыққа ипотека ұсынуда және қайта қаржыландыруда. Ал Wahed Invest болса баршаға қолжетімді және қарапайым халал жобаларға платформа арқылы ақша салуға мүмкіндік береді.
Жалпы, исламдық банкинг ең алғаш Египетте 1963 жылы құрылды. Mit Ghamr жинақ банкі әлем бойынша ислам банкингінің алғашқы үлгісі болды.
Исламдық қаржы жүйесі тек мұсылман елдерінде ғана деген жаңсақ пікір. Ұлыбритания мұсылан емес елдер арасында ислам банкі саны жағынан және білім беру орталықтары саны жағынан бірінші орында. HSBC шариғат заңына сәйкес тұрғын үй ипотекасын ұсынатын Ұлыбританиядағы алғашқы болып несие берді және бүкіл әлем бойынша HSBC Amanah атты исламдық қаржы бөлімінің құрылуына бастау болды. Сол секілді АҚШ-та 25 исламдық қаржы институты жұмыс істейді. 2013 жылы JP Morgan исламдық банктік қызметтерді ұсына бастады. Standard Chartered Bank сияқты инвестициялық банктер Азия, Еуропа, Таяу Шығыста және АҚШ-та исламдық банк өнімдерін ұсынуды бастады. Ал Малайзиядағы ислам банктері клиенттерінің жартысы – мұсылман емес ұлт өкілдері.