Қазақ тарихындағы ең бірінші сәулетті құрылыс – қазақ үй болған. Ешқандай шегесіз, тез құрылып-жиналатын, көшіп-қонуға ыңғайлы киіз үйді көптеген шетелдіктер таңдана тамашалайды.

Қазақ кеңес заманында құнды дүниесінен айрылып қалғанын, киіз үйдің қадірін енді түсіне бастаған секілді. Сондықтан болар қазір кей адамдар кішігірім той-садақа жасау үшін есік алдына киіз үй тігіп, тіпті онда күнделікті бала-шағасымен шай ішуді әдетке айналдыра бастапты.

Киіз үйде отбасымен ішкен шай тәтті

Алматы қаласына қарасты Алғабас ықшам ауданында тұратын Нүрилә Айдарбекова жылдың үш мезгілінде есік алдына тігілген киіз үйде отырады екен.

– Бұл – алты қанатты киіз үй. Менің қолым оған осыдан үш жыл бұрын жетті. Күйеуімнің әкесі, яғни, қайын атам қазақ үйдің барын айтып отыратын. Арал ауданында үнемі той-томалақтарда, мерекелік іс-шараларда тігілетін. Кейін атамның сатқысы келетінін естіп, бізге бер деп өтіндім.


Киіз үйді сыйға тартқан адамдар басқұрға атын жазып қалдырған / Фото informburo.kz

Осыдан 60 жыл бұрын қайын атама бұл киіз үйді Қырғызстанда тұратын әпке-жездесі қолдан жасап, сыйға тартқан екен. Тіпті ішіндегі тігілген кереге баулары, киізімен алып келіпті.

Әпкесі мен жездесінің аты жазылған басқұр әлі ілулі тұр. Киіз үйдің әлі өңін бермеген жасаулары мен ағашы сол қалпында сақталған. Тек ескірген киізі ғана ауыстырылыпты. Ал айналдыра қоршалған ши де сол күйінше тұр. Алматының ауа-райы ылғалды, жауын-шашынды болғандықтан сыртындағы киізі шіріп кетпесін деп, үстіне қалқа жасап қойдық.


Есік алдына тігілген Нүрилә Айдарбекованың алты қанатты үйі / Фото informburo.kz

Нұриланың айтуынша, наурыз мерекесін киіз үйде қарсы алады. Содан қоңыр күзге дейін отбасымен киіз үйде шай ішуді әдетке айналдырған.

– Киіз үйдің ішіндегі ауа бөлек. Мұнда етімді асып, бауырсағымды пісіріп, отбасымен шай ішіп отырудың өзі бір ғанибет. Қонақты да осында күтемін. Екі жыл бұрын балам үйленгенде құдаларды осында жайладық. Ауыз ашар, кішігірім отбасылық меркелерді осында өткізіп тұрамыз.

Кейін есік алдындағы киіз үйді көріп, қызығып сатып алғысы келгендер болды. Бірақ атамыздан мұраға қалған дүниені сататын ойымыз жоқ. Жаз бойына немерем ішінде ойнап, асыр салады. Ал балаларым түнемелікке осында қонуды әдетке айналдырған. Жазда ыстық деп айта алмаймын. Қатты ыстық болса, киіздің төменгі жағын көтеріп қоямыз, – дейді Нүрилә.

Киіз үйге сұраныс артқан

Алматы облысына қарасты Еңбекші ауылының тұрғыны Патшагүл Жанасбайқызы 1996 жылдан бері киіз үй жасайды. Зейнеткерлікке шыққан соң, түбегейлі кәсібіне айналдырыпты. Оның айтуынша, киіз үй жекелеген адамдар арасында да қазір сұранысқа ие болып отыр.

– Бізге, тіпті, 12 және 16 қанатты үйлерге тапсырыс көп түседі. Алғашында Алматы маңайындағы Бақанас деген жердің қарағашынан жасайтынбыз, қазір Өзбекстаннан тапсырыс беріп алдыртып отырмыз. Ал ішкі-сыртқы жасауын, иін бау, аяқ бау, кереге бауды қолдан тігеміз. Киізді бастапқыда Жамбыл облысы Қордай ауданынан тапсырыспен алдырғанмын, өте ауыр болды. Қазір Қытай мен Қырғызстаннан сатып аламыз. Ал шаңырақты түйенің терісімен байлаймыз.


Патшагүл Жанасбайқызының құрған киіз үйінің ішкі көрінісі / Фото жеке мұрағаттан алынды


Америкалықтар қызығушылық танытқан қазақ үй

– Мен бала кезімнен кілем тоқитынмын. 34 жыл мектеп директоры болып қызмет атқардым. Қолымда сегіз қанатты үй болды. Соның іші-сыртын жасақтап, Райымбек атаның 300 жылдық тойында сыйға тарттым. Сол қазақ үйді Америкаға алып кеткен екен. Оны көрген адамдар маған қазақ үй жасауға тапсырыс берді.

Қазір цехта 10 жігіт киіз үйдің уық-керегесін және басқа жабдықтарын істеумен айналысса, төрт қыз жасауын дайындайды. Ою ойып, сырмақ тоқиды. Бірақ дәл қазір тапсырыс болмағандықтан, адамдарым демалыста. Бір киіз үйді толығымен бітіруге екі-үш ай уақыт кетеді. Алты қанаттан бастап, 20 қанатқа дейін жасай береміз.

Қолдан жасалған киіз үйдің бауларына шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Италиядан, араб елдерінен арнайы келіп алып кетеді. Сегіз қанатты үйді 1 миллион 400 мың теңгеге жасасақ, 20 қанатты үйдің бағасы екі млн-ға дейін барады. Көбіне зейнет жасына жеткен адамдар шай ішіп, қонағын, құдалықты күту үшін тапсырыс беріп жатады, – дейді Патшагүл Жанасбайқызы.


Киіз үйдің ішкі көрінісі / Фото жеке мұрағаттан алынды

Иен даладағы ресми кездесулерде таптырмас пана

Патшагүл өзі жасаған киіз үйлерді жалға береді.

– Жалға алушылар қатары наурыз мерекесінде молаяды. Жаз айында әртүрлі жарыстарға тігеміз. Алматы облысына қарағанда Ақмола, Солтүстік Қазақстаннан сұраныс көп. Ресми кездесулерге деп жиі тапсырыс береді. Кейде айдалада өтетін кездесулер болады. Сонда шетелдіктер таңқалысын жасырмай, тамашалайды. Әсіресе күзді күндері жылы деп, қазақ үйде кездесу өткізіп жатады. Ал, қарттар үйі, аналар үйі, жетімдер үйіне тегін қызмет көрсетеміз, – дейді ол.



Қазақ үйді сақтаудың жолы

Патшагүл Жанасбайқызы айтуынша киіз үй ерекше күтімді қажет етпейді. Соның өзінде, дұрыс сақтай алмай, шірітіп алатындар кездеседі.

– Қанша ақшаға алған адамдар, бір-екі жылдан кейін хабарласып, шіріп кеткенін айтады. Өзім темір контейнерде сақтаймын. Бастысы, су тигізбеу керек. Жаңбыр жауып тұрғанда жинамаған дұрыс. Егер киізге су тисе, міндетті түрде кептіріп алу керек, – дейді Патшагүл апа.


Патшагүл Жанасбайқызы су болмау үшін киіз үйді контейнерде сақтаған жөн дейді / Фото informburo.kz

Киіз үйдің әрбір элементі маңызды рөл атқарған

Жалпы киіз үйдің өзі ғана емес, оның жеке элементтері де қазақ үшін маңызды рөл атқарған. Атап айтсақ, киіз үйдің бақаны жас босанатын әйелге сүйеніш ретінде қолданылған. Толғатқан әйел үшін бақанды есіктен біршама алыстау, киіз үйдің оң жақ бөлігіне орнататын болған. Бақаннан киіз үйдің кереге көзіне жүген тартылып, ол босанатын әйелдің қолтығы астынан өткізілген. Толғақ кезінде ол осы арқанды сүйеніш еткен.

Киіз үйдегі құрақ көрпені құрағанда, кілем-киіздерді тоқығанда ашық түстерді көбірек пайдалануға тырысқан. Ашық түс киіз үйге сән беріп қана қоймайды, оның тіршілікпен байланысы бар деп сенген.

Киіз үйлер шамамен төрт жарым мың жыл бұрын пайда болған

Этнограф, тарихшы Жамбыл Артықбаев бұл туралы деректерді кездестіруге болады дейді.

– Аңыздарда киіз үйді Оғыз ханмен байланыстырады. Хиуаны билеген атақты тарихшы 1640 жылдары өмір сүрген Бахадүр хан Оғыз ханның керемет киіз үй ойлап тапқанын айтады. Бұл қола дәуірінің енді басталған уақыты. Соның құрметіне Оғыз хан ас берді дейді. Қазақта киіз үйді уыз үй деп атаған. Толыққанды киіз үй деген сөзді білдіреді. Содан кейін алашық пайдаланған. Онда кереге болмайды. Кедей-кепшік, малшылар қос пайдаланған. Басын қосып байлағаннан қос деп атаған. Уыз киіз үйдің өзі бірнеше түрі болған.

Киіз үйдің пайдалану ерекшелігіне қарай түрі

Келім-кетім кісіге арналған үйлерді қонақ үй деп атап, онда бала-шағасымен бірге жатпаған. Жеке үйге түсірген.

Біз ашаршылық пен жоқшылықты көрген халық болғандықтан түсінігіміз өзгерген. Баласы үйленер кезде қызға берілген қалың малға қыз жасауымен бірге отау үй бірге әкелетін болған. Сондықтан ол жас отау аталған. Кейін балалы-шағалы болғанда отауларын үлкейткен.

Қазақтар үшін алты қанат үй ең ыңғайлысы болған. Көшкен уақытта арбатұрақ үйлер деп атаған. Өгіз жегілген арбаға салып, көшкендіктен солай атаған болар. Ал 18 ғасырдың басынан киіз үйді бұзып, түйеге артатын болған. Сонымен қатар күйме үйлер пайдаланған. Оны да көшкен кезде аттың үстіне жегіп, жағдайы бар адамдар қыздарын, әйелдерін отырғызған.

Хандар мен сұлтандар ғана 12 қанат киіз үй тіккен. Алайда оны алып жүру де қиын. Шаңырақты ортасынан тіреп қою қажет.

– Қазақ жартылай көшпелі, жартылай отырықшылыққа ауысқан кезде киіз үйінен айрылған. Өйткені қыстауда үй салып, жаз жайлауда ғана пайдаланған. Ал қалған жұрнағынан тың игеру кезінде, біржолата отырықшылыққа көшкен кезде айрылдық, – дейді Жамбыл Артықбаев.

Кеңес заманында мал баққан бақташылар да пайдаланған. Адам қайтыс болған кезде киіз үй тігіп, сонда түсірген. Ал қысты күнгі боранда ұшып кетпеуі үшін және суық өтпесін деп киіз үйдің сыртына қар үйген немесе таудың ығына орнатқан.

Киіз үйдің жасалу түрлері көп болған

Киіз үй жиналмалы және жазылмалы ағаш қаңқадан, киіз жабындыдан және үйдің барлық бөлігін бекітетін таңғыш шалмалар мен бау-басқұрлардан, арқандардан тұрады.

Мақсатына, мөлшері мен құрылымына қарай қазақтар киіз үйді үш топқа бөледі: тұрғын жай, салтанатты жай және көш кезінде пайдаланылатын киіз үй.

Мұның өз қисыны бар. Олар сыртқы түрі мен мөлшері жағынан да бір-бірінен едәуір өзгеше.

Тұрғын киіз үй – бұл ең бір кеңінен таралған әмбебап баспана. Оны Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі халқының көпшілігі ғасырлар бойы қолданып келген. Бұл киіз үйде екі ұрпақ өкілдерінен тараған бір әулет тұрады. Дәстүрге сәйкес киіз үйдің іші белгілі бір мақсатқа сай келетін бөліктерге бөлінеді: қонақтар мен үй иелері жайғасатын, сондай-ақ жиһаз бен тұрмыстық заттар орналасатын орындар айқындалады.

Киіз үйдің бұл түрін "үй" деген ортақ атаумен атайды. Ол қосалқы төрт түрге бөлінеді: қара үй (үш қанат киіз үй), қоңыр үй (төрт қанат киіз үй), боз үй (бес қанат киіз үй) және ақ үй (алты қанат киіз үй).

Атына қарағанда (қара, қоңыр, боз, ақ) – бұл киіз үйлер дәрежесіне қарай ретімен орналасқан болса керек. Ең кішісі әрі түсі қара болып келетін киіз үй – кедей отбасының баспанасы, ал ең үлкені әрі түсі ақ – бұл әл-ауқаты жоғары отбасының кең де әсем киіз үйі.

Киіз үйдің екінші түрі – қонақ түсуге арналған киіз үй, салтанатты киіз үй немесе орда. Бұл топта да төрт қосалқы түр бар: ақ ала орда (8 қанат киіз үй), ақ орда (12 қанат киіз үй), алтын орда (18 қанат киіз үй), алтын үзік (18-ден астам қанаты бар киіз үй).

Үлкен киіз үй, ордалар қазақ даласында XIII ғасырдан XIX ғасырдың орта тұсына дейін, орыс әкімшілігі сұлтандардың саяси ықпалын жойып жібергенше пайдаланылып келді.


Мерекеге тігілген 12 және 16 қанатты киіз үйлер / Фото жеке мұрағаттан алынды

Басқаша айтқанда...

Алтын орда – 30 қанаттан (керегеден) тұратын ханның мәжіліс ордасы. Алтын үзік – 24 қанаттан тұратын аса лауазымды хан отбасы тұратын үй. Ақ ала орда – 8 қанатты дәулетті байдың үйі. Ақ үй – 6 қанатты дәулетті бай үйі.

Бозбен қоңыры – 4-5 қанатты орташалардың үйі. Қараша – кедейлердің, отау – жас жұбайлардың үйі. Жолым үй, абылайша, жаппа деп уақытша ғана отыратын шағын немесе жартылай тігілетін үйлерді айтқан. Күрке, қос – ауылда ас сақтайтын, далада малшылар тұратын немесе кедейлердің үйлері болған.

Киіз үй – тәрбие көзі

Байырғы қазақ дәстүрі бойынша оң жақта отырған қалыңдықтың ұзатылуына жарты жылдай уақыт қалғанда қызды бір жеңгесімен бөлек тігілген үйге шығарған. Бөлек шыққан бойжеткен қыз осы үйде бірге тұратын жеңгесінің күнделікті жұмыстарын істеп үйренген.

Яғни ерте тұрып, кеш жатып үй тіршілігін атқару, қазан-ошақ жұмысына араласып тамақ істеу, кір жуу, қонақ күту т.б. қызметтерді атқарып, отбасылық өмірге "дайындық мектебінен" өткен. Қыздың жеңгесімен бірге тұрған осындай үйді халық тілінде "доғалаң" деп атаған.

Қазақ дәстүрінде отырып қалған қызға да арнайы үй тігілетін жағдайлар болған. Мұндай үй барлық жасауымен жабдықталады. Алыс-жақын жерлерден қыз көруге шыққан жігіттер осы үйге келіп, танысып-білісуге мүмкіндік алған. Ондай арнайы тігілген үйді "бөде үй" деп атаған.

Киіз үй атаулары

Абылайша – керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй.
Ақ шаңқан үй – сүттей ақ, аппақ киіз үй.
Ақтағыр – екі қанатты, екі үзікпен жабылатын шағын киіз үй.
Жаппа – керегесіз, киізбен жабылған баспана.
Жолым үй – уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ үй.
Қара құрым үй – киізінің тозығы жеткен, ескі үй.
Қара үй – киіз үйді кейбір жерде қара үй деп атайды.
Қараша үй – қоңыр түсті, жыртық, тесік, ескі үй.
Орда – еңселі, салтанатты киіз үй.
Отау – ұлға енші беріп, бөлек шығарған киіз үй.
Төңқайма – бірнеше уықпен ғана көтерген киіз үй.
Ұраңқай – уық тәрізді сидам ағаштардан басын түйістіріп тігілген киіз үй.

Киіз үйдің жабдықтары

Шаңырақ – үйдің бас бөлігі. Ол бірнеше атаудан тұрады: Тоғын – шаңырақтың дөңгелек шеңбері. Күлдіреуіш – түнекті көтеріп тұратын, ағаштан иіп жасалған бөлшек. Кепілдік (кепіл ағаш) – күлдіреуіштерді біріктіріп ұстап тұратын ағаш. Қаламдық – уақыттың қаламы (басы) кіріп тұратын, шаңырақтағы төрт бұрышты тесік.

Уық – шаңырақ пен кереге ортасын қосатын иінді ағаш. Қаламы – уықтың шаңыраққа сұғылатын ұшы. Қары – уақтың иініне дейінгі бойы. Иіні – уықтың иілген (бүгілген) тұсы. Алақаны – уықтың керегебасына бекітілетін басы. Уық бау – уықты керегеге байлайтын жіп.

Кереге – жиналмалы ағаш тор. Желі – керегені құрайтын ағаштар. Ерісі – ағаштардан кереге құрайтын ұзыны. Сағанақ, балашық – ағаштардың қысқасы. Ыру – уық пен керегеге салынған оюлы сызықтыр. Көз – керегенің тор көздері (тор көз, жел көз). Азат көз – керегенің көктелмеген жерлері.

Сықырлауық – киіз үйдің ағаштан жасалған жарма есігі. Маңдайша – екі босағаны жоғары жағынан ұстап тұратын берік ағаш. Босаға – маңдайша мен табалдырықты қосатын және кереге бекітілетін ағаш. Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіп, тұратын айналмалы ағаш тиек.

Туырлық – ордада кереге бойы, шағын үйде шаңыраққа дейтін жабатын киіз. Үзік – ордада кереге мен шаңыраққа дейін жабатын туырлық бөлігі. Дөдеге (үзікті үй) – үй сыртында кереге басы тұсына киізден оюлап жасалған әшекейлі киіз.

Түндік – шаңырақ үстінен жабылатын төртбұрышты киіз. Түндік бау – түндікті белдеуге байлайтын бау.

Ши – киіз үй бөлшегін, тұрмыс бұйымын жасайтын өсімдік. Ақ ши – кереге сыртынан, кейде туырлық сыртынан орай тартылатын тоқыма ши.

Басқұр – кереге басы туырлықты тесіп кертеу үшін үй айнала жүргізілетін (тартылатын) жалпақ оюлы құр. Желбеу – сәндік үшін шаңыраққа байланатын шашақты баулар. Желді күні үй шайқалмас үшін оған салмақ байланады.

Шетелде қазақтың киіз үйіне сұраныс жоғары

АҚШ-та 30 жыл бойы киіз үй жасап, оны сатып, орнатып берумен айналысып жүрген компания бар екен. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Colorado Yurt Company компаниясы моңғол үлгісіндегі киіз үйді "бір-екі күннің ішінде оңай тігілетін, экологиялық таза баспана" ретінде сипаттайды.

Компания "Киіз үйдің ағаштан жасалған бөліктері мәңгі қызмет етіп, ал матадан жасалатын жоғарғы бөлігі киіз үй тігілетін жердің климаты мен күн қызуына қарай 8-15 жылға шыдайды" деп кепілдік береді.

Сонымен қатар ағылшындар да қазақтың киіз үйінде үйлену тойын жасауды сәнге айналдырыпты. "Тойға арналған киіз үйлер" бизнес-жобасының авторы Лиззи "Серіктесім екеуміз киіз үйді қатты ұнатамыз. Өйткені, оңтайлы, кең әрі әдемі құрылымының арқасында оны кез-келген жерге орнатуға болады. Киіз үй жас жұбайларға ерекше той жасауға мүмкіндік береді", – депті жергілікті БАҚ-қа берген сұқбатында.