Жылжымайтын мүлік сатып алғанда немесе оны сатқанда ХҚКО-да жылдам әрі нотариуссыз рәсімдеуге болады. Бұл қызмет құжаттарды тапсыру күнін есептемегенде, бар болғаны 1 жұмыс күнін алады. 

Мәміле жасау үшін келесі құжаттар қажет:

  • екі данада жасалған сатып алу-сату шарты;
  • жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты;
  • жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар (оларды сатушы ұсынады).

Сатушы мен сатып алушы некеде тұрса, онда жұбайының/зайыбының нотариалды куәландырылған келісімі қажет. Бұл екі жаққа да қатысты.

Жылжымайтын мүлік құрылыс компаниясынан сатып алынса, қосымша сату туралы шешім ұсыну керек. Некеде тұрғандардың жұбайының/зайыбының нотариалды куәландырылған келісімі қажет.

"ХҚКО-ға дайын сатып алу-сату шартымен де, онсыз да келуге болады. Барлық аудандық ХҚКО-ларда арнайы бөлінген мамандар оны жасауға көмектеседі. Шартта жылжымайтын мүліктің барлық техникалық сипаттамасы (ауданы, қабаты, пәтер нөмірі, кадастрлық нөмірі және т.б.) көрсетілуге тиіс. Жылжымайтын мүлік құрылыс салушыдан сатып алынса, шартта ХҚКО-ға келетін компанияның сенімді тұлғасының аты-жөні көрсетілуі керек. Сенім білдірілген тұлға болмаған жағдайда компания директоры келеді, ол сатып алу-сату шартына қол қояды және өзімен бірге директорды тағайындау туралы бұйрық әкеледі", – деді "Азаматтарға арналған үкімет" Алматы қаласы филиалының директоры Абдурасул Қулдашов.

Алматы ХҚКО-ларында айына орташа есеппен 150-200 жылжымайтын мүлік рәсімделеді. Осы жылдың 9 айында алматылықтар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 1,5 мыңнан аса мәміле жасаған.


Оқи отырыңыз: Жылжымайтын мүлік салығын төлеу мерзімі биыл 2 қазанда аяқталады


Көрсетілетін қызметті алушы дайын сатып алу-сату шартымен келсе мемлекеттік баждың мөлшері 1202,5 теңгені құрайды. Құжат ХҚКО-да жасалатын болса, онда көрсетілетін қызметті алушы тіркеуге қарамастан, шартты жасау үшін бөлек 8500 теңге төлейді. Қызметтің құны жылжымайтын мүлік түріне байланысты өзгереді (мысалы, сақтау орындары, паркингтер және т.б.). Сатып алу-сату объектісі жеке үй болса, онда төлем өзгермейді, бірақ оның аумағындағы жер учаскесі мен шаруашылық құрылыстарды тіркеу үшін қосымша ақы алынады.

Осылайша, азаматтар шығындарын бірнеше есе үнемдей алады. Жылжымайтын мүлікті "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының келесі фронт-офистерінде ресімдеуге болады:

  • Алатау ауданының ХҚКО бөлімі, "Нұркент" ш/а., 5-к.16-19;
  • Алмалы аудандық ХҚКО бөлімі, Бөгенбай батыр көшесі, 221;
  • Әуезов аудандық ХҚКО бөлімі, Жандосов көшесі, 51А;
  • Бостандық аудандық ХҚКО бөлімі, "Алмагүл" ш/а, Ходжанов көшесі, 9А;
  • Жетісу аудандық ХҚКО бөлімі, Серіков к-сі, 2А;
  • Медеу аудандық ХҚКО бөлімі, Марков к-сі, 44;
  • Наурызбай аудандық ХҚКО бөлімі, "Шұғыла" ш/а, 347/1;
  • Түрксіб аудандық ХҚКО бөлімі, Р. Зорге көшесі, 9.