2020 жылдың басынан бері әскерде қазақстандық 270 сарбаз әртүрлі жағдайда қайтыс болған. Мұндай деректер Мәжілістегі ЖСДП фракциясының Қорғаныс министріне жолдаған депутаттық сауалында айтылған.

"Әскери прокуратураның берген ақпараты бойынша, соңғы бірнеше жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза тапты. 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85 және 2023 жылдың басында – 11 әскери қызметкер. Өлімнің жиі кездесетін себептері: ауру – 36 пайыз, жол-көлік оқиғалары – 24 пайыз және өз-өзіне қол жұмсау – 20 пайыз", – делінген депутаттық сауалда.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы Қазақстанда 37 мың адам әскерге шақырылады


Осыған орай, депутаттар қазақстандық армияны бірыңғай келісімшарт бойынша әскери қызметкерлерден жинақталатындай етіп кәсіби негізге толығымен ауыстыруды ұсынды.

"Біз қорғаныс қабілеттілігі мәселелерін шешу кезіндегі басты назар Қарулы Күштердің жеке құрамы өзінің өмірлік қызметін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін азаматтар қатарынан құрылуы тиіс деп санаймыз", – делінген депутаттық сауалда.