Жыл басынан бері газ баллонының жарылуынан алты адам қаза тапты
Төтенше жағдай министрлігі газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырадыЖыл басынан бері ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығы газ-ауа қоспасының тарсылы болған 17 оқиғаны тіркеді. Салдарынан 6 адам қайтыс болды. Тағы 36 азамат түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
ТЖМ аумақтық бөлімшелері өрт орнынан 961 газ баллонын шығарған. Оның 194-інің сыйымдылығы – 50 литр.
2023 жылы баллондардың жарылуы мен газ-ауа қоспасы тарсылы болған 128 оқиға тіркелген. Салдарынан 21 адам қаза тауып, 167 адам жарақат алған.
Газ баллондарының жарылуы мен газ-ауа қоспасы тарсылына қауіпсіз пайдалану талаптарын және тұрмыстық газ баллоны мен газ жабдығын сақтау ережелерін бұзу, олардың дұрыс жұмыс істемеуі себеп.
ТЖМ газ баллондарын пайдалану ережелерін сақтай отырып, өрттің өсуін болдырмауға болатынын атап өтті:
- баллондарды тек мамандандырылған пункттерде толтырыңыз. Автожанармай құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарын құюға тыйым салынады;
- екі қабаттан асатын көпқабатты тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдаланбаңыз;
- баллон корпусының қызуына жол бермеңіз;
- үй-жайда газдың иісі пайда болған кезде газ беру кранын жауып, үй-жайды желдету үшін терезелер мен есіктерді дереу ашу, ашық отты пайдаланбау, электр қуатын қоспау керек;
- жұмыс істеп тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз;
- балаларға газ құралдарын пайдалануға жол бермеңіз;
- газдың шығуын тексеру үшін сабын ерітіндісін қолданыңыз.
Газ жабдықтарын уақтылы тексеру және жөндеу қажет. Ақаулы жылыту аспаптары мен газ жабдықтарын пайдалануға тыйым салынады.
Ескерту. Газ баллонын суықтан жылы жерге кіргізіп, жылу көзінің жанына қоюға болмайды.