Павлодар қаласында бәйгеден ҚР чемпионатының 8-кезеңі әрі осы күзде Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті. Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен 90-нан астам тұлпар қатысты.

Жарыс бәйгенің 4 түрі бойынша өтті: Құнан бәйге, Топ бәйге, Жорға жарыс және Аламан бәйге, жалпы жүлде қоры – 24 900 000 теңге.

"Бұл бәсеке – бәйгеден ҚР чемпионатының 8-кезеңі, ал бір жағынан осы күзде Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу есебінде өтіп жатыр. Ат жарысқа еліміздің түкпір түкпірінен ең үздік жылқылар жиналды. Олар бәйгенің төрт түрінен, яғни құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге және жорға жарыс аталымы бойынша сынға түседі. Әр бәйге түріне шамамен 25 тұлпар қатысып жатыр. Бұл аттардың жағдайы жақсы, алдағы үлкен додаға дайын деп айта аламын", – деді "Бәйге" федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен.

Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі
  • Құнан бәйгеден бірінші орын алған Қамысқұлақ атты тұлпардың шабандозы Асланбек Абдықал жеңіс жолында бапкердің кеңесі көмек болғанын айтады.

"Бапкердің айтуымен жүріп отырдым. Ол маған жарыс бастала сала алдыңғы топта отыруға кеңес берді. Соңғы айналымда бірінші болып  алға оздым. Мәреге бес жүз метр қалғанда артымнан тағы бір ат келе жатты. Жетіп ала ма деп қорқып едім, бірақ мен бірінші келдім. Енді көшпенділер ойындарына дайындаламын", – деп атап өтті жас шабандоз Асланбек Абдықал.

II орынды Найза атты құнан алды, шабандозы Арнат Мұратхан. Жүлдегерлер үштігін Айшуақ есімді атқа мінген Аңсар Арыстанбек тәмамдады.

Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

 

  • Топ бәйгеде Ғасыр атты сәйгүлік, Алихан Жәнібекұлын есімді шабандозымен үздік атанды. II орынды Равшан, шабандозы Ділнұр Нұрмұқаш иеленді. ІІІ орынды шабандоз Қаиржан Әлихан Тәуекел атты тұлпарымен жеңіп алды.
  • Жорға жарыс қорытындысына келсек: I орынды иеленген Орда, шабандозы Юрий Лымарь. II орын Выпуск, шабандозы Әнуарбек Абдрахманов. III орын Ақжауын, шабандозы Ербұлан Тілеғалиұлы.    
  • Аламан бәйге нәтижесі бойынша – І орынды Софлор Лэнд есімді айғыр иеленді, шабандозы Амир Аманұлы, ІІ орынды Береке есімді жылқы, шабандозы Иринат Санжармен жеңіп алды. ІІІ орында Шайкүрең атты тұлпар  шабандозы Арнат Мұратхан.

8-13 қыркүйекте Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі