Жошы хан туралы отандық фильмнің түсірілім жұмыстары көктемде аяқталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолындағы маңызды қадамдарға тоқталды. Президенттің мәлімдеуінше, биыл көктемде Жошы хан туралы көп сериялы деректі фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталады.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда бастау алған бұл ауқымды жобаның тұсаукесері алдағы уақытта беделді халықаралық платформаларда өтеді деп жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы бұл туындының Алтын Орда брендін жер жүзіне танытудағы рөлі зор екенін, алайда тарихи тақырыптарды игеруде тек тартымды визуалды бейне жасаумен шектелмей, оның ішкі мазмұны мен мән-мағынасының тереңдігіне баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
"Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Мен осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен Құрылтай отырысында айттым. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді. Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ, осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ойластыру қажет", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы бір палаталы парламентті "Құрылтай" деп атауды ұсынды
Осы мақсатта президенттің тікелей тапсырмасымен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылмақ. Әлемнің ең беделді ғалымдары бас қосатын бұл жиын тарихи мұрамызды ғылыми негізде дәріптеуге жаңа серпін бермек.