ЖОО түлектері неге өз мамандығы бойынша жұмыс істеуден қашады? Байбазаров басты себептерді атады
Мәжіліс депутаттары грантпен оқыған түлектердің бәрін өз саласында жұмыс істеуге міндеттеуді ұсынып отыр.Үкімет басшысының орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ЖОО түлектері неге өз мамандығы бойынша жұмыс істеуді қаламайтынын түсіндірді. Министрдің ойынша басты екі себеп – еңбекақының төмен болуы және тұрғылықты жерінде мамандығы бойынша жұмыс орындарының болмауы. Дәл осындай себептерді жоғары оқу орнында мемлекеттік тапсырыспен оқып, алайда өз саласында жұмыс істемеген түлектердің 37,1 пайызы атаған.
Бұл ретте министр транспорт саласы бойынша оқыған мамандар (жолаушы тасымалы, теміржол, автокөлік жолы саласының мамандары) мен курьерлер (Glovo, Wolt, Яндекс еда, Chocofood) мен таксистердің (Яндекс такси, InDrive, Uber) орташа табысын салыстырған:
- Транспорт саласының мамандары – 135-283 мың теңге;
- Таксистер – 400-800 мың теңге;
- Курьерлер – 350-500 мың теңге.
"Заң бойынша, қазір педагогика, медицина, ветеринария және ауыл шаруашылығы салаларында мемлекеттік грантпен оқыған түлектер өз профилі бойынша 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. Егер бұл талапты орындамаса, грант қаржысын республикалық бюджетке өтеуі тиіс", – деп түсіндірді Нұрлан Байбазаров.
Оның айтуынша, қазір техникалық және кәсіби білім беру салалары бойынша кадр тапшылығы қатты байқалып отыр. Оның қатарында, құрылыс, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, транспорт пен қойма, өңдеу өнеркәсібі салалары бар.
Оқи отырыңыз:
- Астанада қандай сала мамандарының тапшылығы бар және мәселе қалай шешілмек?
- "50-60 мың теңгеге артық": ЖОО оқытушыларының еңбекақысы қанша пайыз өсті?
"Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған студенттердің бәрін өз профилі бойынша еңбек етуге міндеттеу меншік нысанына қарамастан, жұмыс берушілер тарапынан толық кепілдіктерді қажет етеді", – деп жауап берді Нұрлан Байбазаров Мәжіліс депутаттарының ұсынысына орай.
Еске салайық, Қазақстан халық партиясы және Amanat партиясының өкілдері Қазақстанда кадр тапшылығын болдырмау үшін мемлекеттік грантпен білім алған қазақстандықтарды өз саласы бойынша жұмыс істеуге заңды тұрғыда міндеттеу туралы бастама көтерген болатын.