ЖИ арқылы адамның түрі мен даусын қолданып ақша сұрайтын алаяқтар жиілеп барады
Елімізде жасанды интеллект арқылы адамның түрі мен даусын қолданып ақша сұрайтын алаяқтар жиілеп барады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Полиция, прокурор, біз кездері тіпті президенттің жалған видеосын жасағандар бүгінде қарапайым азаматтарға көз тіккен. Тікелей олардың туыстарына жазып, бейнежазбасымен сенімге кіріп қарыз сұрайтын болыпты. "Сақ болыңдар" деп дабыл қаққан құзырлы органдардың хабарлауынша, айлакерлердің бұл схемасынан компьютерді жетік меңгерген жастардың өзі сан соғып жатыр.
Қазір бейнежазба жасау үшін үлкен студия мен қымбат камераның қажеті шамалы. Арнайы бағдарламаның тілін білсең болды. Санаулы уақытта кез келген адамның бейнесі мен даусын салып видео жасап аласың. Тіпті қалаған сөзді айттыруға болады. Ал өтірігін шындықтан бірден ажырату қиын.
Тіпті IT саласының майталмандарының өзіне мұндай бейнежазбаның жалған екенін аңғаруға уақыт керек. Мәселен, алаяқтардың құрбандарына келген видеолар тым сапалы, әрі шынайы жасалған дейді полиция. Сондықтан да шығар қазір әккілердің тұзағына түскендердің 35 пайызы дәл сол дипфейктерге алданып отыр.
Құзырлы органның мәлімдеуінше, қылмыс бойынша ұсталғандардың арасында Қазақстан азаматтары да жетерлік.
Полиция мен IT саласының сарапшылары халықты қырағы болуға шақырады. Туысыңыздың қарыз сұраған видеосы келсе, әуелі өзімен байланысқа шығып анықтаған жөн. Айта кетсек, бүгінде дәл осы талайды сан соқтырған дипфейкке қатысты тиісті заң мәжілісте де қаралып жатыр.