Жетісу облысында 660 миллионға жөнделген мектептің қабырғалары көгеріп жатыр
135 оқушыға арналған оқу орнының қабырғалары көгеріп, сылақтары түсіп жатыр.Шенеуніктер жұмысты шала-шарпы істеп кеткен мердігер компанияны сотқа берді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алакөл ауданына қарасты Ақжар орта мектебінің алдына ауыл тұрғындары тайлы тұяғы қалмай жиналды. Халықтың былтыр 660 млн теңгеге жөнделген білім ошағының сапасына көңілдері толмайды. Мәселен Керім Сәлімбаевтың 5 бірдей немересі осы жерде оқиды. Айтуынша, нысанның қабырғалары мен төбесі сыз тартып, көгеріп кеткен. Санитарлық-техникалық қондырғылары да дұрыс орнатылмапты.
"Бізде 200 жүздей бала көрші ауылда, ауданда оқиды. Таксимен барады. Мен өз балаларымды сол жаққа оқытамын. Мына мектеп әрқашан суық. Былтыр жөндеу жұмыстарын жасатқан, дегенмен дұрыс жасамаған. Іші бәрі көгеріп жатыр. Бұл дұрыс емес қой. Екіншіден, спорт зал бітпеген", – деді Ақжар ауылының тұрғыны Ринат Бармақбаев.
Іргетасы 48 жыл бұрын қаланған білім ұясына күрделі жөндеу жұмыстары былтыр сәуір айында басталған. Жоспар бойынша шілдеде толығымен аяқталуы тиіс еді. Дегенмен, құрылыс компаниясы жұмысты кешіктіріп, қазан айында тапсырған. Соның өзінде шала-шарпы істеген. Шенеуніктер мердігер оқу жылының соңына дейін олқылықтарды қалпына келтіреді деп сендірді.
"Біз осы объектіні мерзімді аяқтамағанына байланысты мердігерді сотқа бердік. Енді март айында күн жылынғанда мердігер компания сол жұмысты аяқтайтын болады. Мынау әйнектің қасындағы ылғалдан қорғайтын құрылғысы орнатылмаған. Енді көктемгі кезде қалған жұмыстар аяқталатын болады", – деді Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Ибрайымов.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы 66 мектепте оқу жылының басына дейін жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ
135 бала білім алатын мектептің бүгінгі күйі – осы. Ауыл тұрғындарының жалғыз талабы – оқушылардың қауіпсіз мекемеде білім алуы.