Бір жылда мобильді аударымдар айналымы 80 триллион теңгені құраған. Бұл қомақты сомадан бюджетке бір тиын да түспеген. Вице-министр Ержан Біртанов мыңдаған жеке кәсіпкер салық төлеуден қашып жүгенін айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Салық төленбегендіктен, халыққа да артық салмақ түскелі отыр, сондықтан жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары тексеріледі.

Біржанов мырзаның айтуынша, қазір елімізде 1 миллион 400 мың жеке кәсіпкер бар. Оның басым бөлігі салық төлемейді. Мәселен, ресми тіркелген шағын кәсіпкерлердің 944 мыңы есебін нөлдік көрсеткішпен тапсырады. Демек, бизнестің 67 пайызы табысын жасырып отыр.

Ұлттық банктің дерегінше, банк карточкасы арқылы 55 триллион теңге аударылған, ал мобильді аударымдар айналымы 80 триллионнан асып жығылады. Сәйкесінше, жергілікті бюджет шығынға ұшырап отыр. вице-министрдің пікірінше, бұл қаржыдан бюджетке шамамен 1,5 триллион теңге түсуі керек. Сол кезде бұл қыруар қаражатты әлеуметтік салаға құйып, мектеп немесе аурухана салуға болады.


Оқи отырыңыз: Биыл жеке кәсіпкерлер қандай салық төлейді? Жадынама


"Біз тек қана бизнес өкілдерін қорғай бермейік. Халыққа да қызмет керек. Балалар жарық, жылы мектепте оқуы керек. Халық жақсы ем алуы керек. Егер жеке кәсіпкерлер осы 80 триллион теңгеден салық төлемесе, олардың жағдайы қиынырақ болады", – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біртанов.