Жазушы Роза Мұқанова: Ұлттық кітапхана қорына қол сұғу дәстүрге айналып барады
Қаламгердің жазуынша, Әкім Таразидің кітапханаға сыйға тартқан құнды кітаптары қолды болған.Жазушы Роза Мұқанова елордадағы ұлттық кітапхананың қазіргі жағдайын сынға алды. Оның жазуынша, кітапхана бұл күнде еңсесі түсіп, тозығы жеткен күркеге айналған.
"Әкім Тарази жеке қорындағы кітапханасын ұлттық кітапханаға сыйға тарту еткен еді. Ақыры құнды кітаптары қолды болды. Абайдың екі томдығына өз қолымен жазған жазбалары, ойлары бар еді, таппай қалдық. Осы күнге дейін өкінеміз. Ақыры Үмітхан Мұңалбаева жоғалған кітаптың орнына Абайдың басқа кітабымен алмастыра салды. Сылдырлаған құр сөз бен желдей ескен өтірік амалға қалай алданып қалдық екен. Мұндай келеңсіз жағдайдың орын алатынын білгенде өмірбақи жинаған кітаптарды тарту етпейтін де едік. Алақандай мың кітапқа ие бола алмаған кітапхана қорындағы миллионнан асатын кітаптарға бұл кітапхана қалай ие болып отыр? Жалпы кітапхана қорына қол сұғу дәстүрге айналып кеткен сияқты. Жақсылықтың нышаны емес", – деп жазды Роза Мұқанова Facebook желісінде.
Бұған дейін ғалым Елдос Тоқтарбай да ұлттық кітапхана ұйымдастыратын "Қазақ әдебиетінің орталықтарын" сынға алған болатын.
"Ұлттық академиялық кітапхана жыл сайын дүниенің төрт бұрышына алдына әдебиет, мәдениет саласынан делегацияны салып алып, "Қазақ әдебиетінің орталығын" (ресми аты солай) ашып жатады. Ашқаны – дұрыс. Улатып-шулатып жарнамасын "өлтіреді". Бірақ, сол аты дардай орталық орталық емес, жай ғана бұрын екен. Осындай пиарщиктердің кесірінен Қазақстанның атына дақ түсіп, айдай әлемге қазақтың әдебиетін масқаралап жатырмыз!" – деп жазды ғалым.
Ол, сондай-ақ, кітапханаға ел іздейтін, оқырманға аса қажетті кітаптардың жеткізілмейтінін де сынға алды:
"Мәселен, қырғыз, өзбек сықылды қандас ағайынның кітап бұрышында Ұлттық энциклопедиясынан бастап классик жазушыларының, танымал ғалымдарының кітаптары, сол мемлекетті танытатын нағыз керек әм пайдалы кітаптар самсап тұр! Қазақтың кітап бұрышы – жетім бұрыш сықылды… Біздің ұлттық 12 томдық энциклопедия, "Абай", "Мұхтар Әуезов" сияқты тұлғалық энциклопедия, "Шаңырақ" этнография энциклопедиясы, "Қазақстан тарихы" көптомдығы сияқты кітаптар қайда?! "Абай жолы" романының қазақшасы жоқ, есесіне орысшасы бар. Орысша кітаптар ығы-жығы. Бұл Қазақстанның емес, Ресейдің бұрышы сияқты көзге қораш көрінеді".