Жетісу облысында тауда қалып қойған жасөспірімдер эвакуацияланды
Жетісу облысында ТЖМ жедел-құтқару жасағының мамандары екі жасөспірімді таулы аймақтан эвакуациялады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
"Оқиға Ескелді ауданындағы "Бурханбұлақ" учаскесінде, теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте болған. 2005 және 2007 жылы туған жас мотоцикл жүргізушілері батпаққа батып, өздігінен төмен түсе алмай қалған. Хабар түскен бойда құтқарушылар дереу оқиға орнына жетіп, жасөспірімдерді қауіпсіз жерге түсірді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған" – делінген хабарламада.
Ведомство азаматтарды таулы және жол жүруі қиын аймақтарға бармас бұрын ауа райын мұқият қадағалап, өз бағыттары туралы туыстарына немесе шұғыл қызметтерге алдын ала хабарлауға шақырды.