Жергілікті билік аштық жариялаған Жетібайдағы жұмыссыздарды диалогқа шақырды
Олардың сөзінше, жұмыссыздар әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқан.Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Жетібай ауылының жұмыссыз тұрғындары аштық жариялады. Олар биліктен мұнай саласынан жұмыс беруді талап етеді. Аудан әкімдігі бір уақытта барлық жұмыссызды жұмысқа алу мүмкін емес екенін айтып отыр.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 наурызда Жетібай ауылында 50-ге жуық жұмыссыз тұрғын заңсыз наразылық акциясына жиналған. Наразылық әліге дейін жалғасып жатыр,
"29 наурыздан бастап Е-otinish порталы арқылы аштық жариялау түріндегі наразылық акциясына барлығы 13 өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта өтініштер уәкілетті мемлекеттік органдарда қаралып жатыр. Айта кетейік, тамақтанудан бас тарту арқылы акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Жұмыссыз қалғанда берілетін жәрдемақы. Оны кімдер және қалай алады?
Өз кезегінде Қарақия ауданының әкімдігі облыс әкімдігінің басқармалары, аудан прокуратурасы және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, наразылық білдірген жұмыссыздарға түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ең алдымен, Қарақия ауданының әкімдігі жұмыссыздардың бәрі бірден мұнай саласында жұмыс істеуі мүмкін емес екеніне, жұмыссыздар әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартатынына назар аудартқысы келеді.
"Сондай-ақ "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-тан бос жұмыс орындарын бөлуде жұмыссыздар тарапы "70-те 30", яғни 70 пайызын – Жетібай кентінің тұрғындарына, ал қалған 30 пайызын Қарақия ауданының басқа ауылдарындағы және облыстың басқа аудандарындағы жұмыссыздарға беру талабы қойылған. Қойылған талапты басқа ауыл, аудан тұрғындарына негізсіз деп санаймыз. Бұл ретте Қарақия ауданының Құрық ауылы мен Маңғыстау облысының жұмыссыз тұрғындары бос жұмыс орындарын бөлу кезінде әділеттілікті талап етіп жатыр", – дейді Қарақия ауданының әкімдігі.
Оқи отырыңыз: Президент: Қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кетті
Алайда наразылар мемлекеттік органдардың түсіндіріп жатқан айқын және объективті фактілерін қабылдаудан бас тартып отыр. Әкімдік жиналғандарға "мұнай саласында жұмыс істеймін" дегендердің барлығын бірден жұмысқа орналастыру мүмкін емес, басқа салаларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдалану қажет деген шындықты қабылдауы қажет дейді.
"Барлық мәселе конструктивті диалог арқылы, қолданыстағы заңнама аясында шешілуге тиіс.Сондай-ақ, Қарақия ауданының әкімдігі наразылық білдірушілерге заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда заңда белгіленген жауапкершілікті ескертеді", – делінген әкімдік хабарламасында.