Қаңтар соңында ошағы Қытайда болып, дүмпуі Алматыда да жойқын сезілген жер сілкінісі Алматы облысының Ұйғыр ауданында бірқатар білім ошағының ғимаратына зиянын тигізген. Соған орай, ауданда табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. 

Ұйғыр ауданы әкімі шешімінің жобасы Ашық НҚА порталында жария талқылау мақсатында жарияланды. 

"2024 жылғы қантардағы 4.0 балдық жер сілкінісі салдарынан Шарын ауылдық округінде орналасқан М.Хамраев, Шырын ауылының орта мектебі, Дардамты ауылының орта мектебі және Шонжы ауылының "Шонжы политехникалық колледжі" МКҚК оқу ғимараты мен дене шынықтыру ғимараттарының зақымдалуына байланысты Ұйғыр ауданында табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялансын", – делінген шешім жобасында. 

Еске салайық, қаңтардың соңында Алматы қаласынан 264 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қытай шекарасында жер сілкінісі болды. Ол Алматыда 4 балл болып сезілді.   


Оқи отырыңыз: Алматылықтар жер сілкінісін сезінді