Австриялық ғалым, Geosphere Austria климаттық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Марк Олефс соңғы апталарда Орталық Еуропаны әбігерге салған су тасқынының енді жиірек болатынына болжам жасады, деп хабарлады Euronews. Бұған себеп – планетаның жылдам жылынуы. 

Марк Олефстің айтуынша, егер мұндай жойқын су тасқындары әр жүз жыл сайын қайталанады деген тұжырым бар болса, енді олар 80-90 жылда қайталанып отыруы мүмкін. 

"Қазіргі таңда біз, яғни Жер планетасы секундына Хиросимаға тасталған атом бомбасының 14-інің жылдамдығымен жылып келеді. Бұл адамдардың қосып жатқан қосымша энергиясы, соның есебінен Жер қызып жатыр. Ал бұл ауадағы су буының көбейуіне әкеледі, демек нөсер жауын да көбейеді", – деп түсіндірді Марк Олефс. 


Оқи отырыңыз: Климатолог Алексей Кокорин: Cу тасқыны енді әр 5 жыл сайын қайталануы мүмкін


Еске салайық, Орталық Еуропадағы су тасқыны кезінде бірнеше адам қайтыс болып, табиғи апат бір миллиард еуродан астам экономикалық шығын келтірді. Басылымның жазуынша, Австрияның Санкт-Пёльтен ауданында 6-9 айда жауатын жаңбыр бар болғаны бірнеше күнде жауған (бір шаршы метрге 430 литр жауын-шашын). 

"Біз қазірдің өзінде бүкіл Орталық Еуропа аумағы, сондай-ақ, мұхиттар мен құрлықтардың температурасы индустрияландыру кезеңіне дейінгі уақытпен салыстырғанда 2-3 градусқа жылынғанын көріп отырмыз. Бұған парник газдарының ауаға бөлінуі – басты себеп. Ол климатты өзгертіп жатыр", – деді Марк Олефс.