Желтоқсаннан бастап Beeline мен Tele2 тарифтердің құнын көтермек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мобильді операторлар клиенттеріне тарифтік жоспарлар құны қайта қаралатыны туралы ескерту жасады. Алғашқы өзгерістер 25 желтоқсанда күшіне енеді. Ал әлі өзгермеген, яғни архивтік тарифтер бойынша екінші түзету толқыны 2026 жылдың 15 қаңтарына жоспарланыпты.

Операторлардың мәлімдеуінше, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін абоненттік төлемді қымбаттатуға тура келген. Tele2 тарифтер қалай өзгеретінін әзірге жария етпеді. Бірақ хабарламаларға сүйенсек, баға орта есеппен 1000 теңгеге өсуі мүмкін. 

Ал Beeline 15 қаңтардан бастап бірқатар қолданыстағы тарифтік жоспарлар бойынша ақыны көтереді. Мысалы қазір айына 8 490 теңге болатын тариф 11 249 теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.