Ақтау қаласының әкімдігі мен мәслихаты қаланың қоғамдық көлікпен жүруге жеңілдігі бар азаматтарын көбейтуді көздеп отыр. Мұндай жеңілдік енді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан тұлғалар мен "Алтын алқа", "Күміс алқа" иелеріне де берілмек. Бұл туралы әкімдік Ашық НҚА порталында жариялаған құжат жобасынан белгілі болды. 

Бұған дейін Ақтау қаласының бюджеті есебінен келесі азаматтар қалалық қоғамдық көлікпен тегін жолаушылайтын: 

  • 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар аналар;
  • Ақтау қаласының құрметті азаматтары;
  • І және ІІ топ мүгедектері;
  • бала кезінен мүгедектер;
  • Чернобыльдағы АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысушылар. 

Оқи отырыңыз: Ақтау қаласындағы қоғамдық көліктер 100 пайызға жаңарды


Енді олардың қатарын "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғалар, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар толықтырады. Сондай-ақ, тек қана Ақтаудың ғана емес, жалпы Маңғыстау облысындағы қала, аудандардың құрметті азаматтарына жеңілдік беріледі. 

Ескерту: бір айдағы автобуспен қатынау саны 60-тан аспауы тиіс.