Жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру 31 наурызда аяқталады
Ал мүліктік табыстан алынатын жеке табыс салығын 10 сәуірге дейін төлеу қажет.2023 жылғы 240.00 нысанды жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру мерзімі 31 наурызда аяқталады. Декларация тұрғылықты (тіркелген) мекен-жайы бойынша салық органына табысталады. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Декларацияны тапсыруға міндетті:
- жеке нотариустар;
- адвокаттар;
- өзге де кірістер алған жеке тұлғалар, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарында ақшасы бар жеке тұлғалар.
Сондай-ақ, декларацияны мүлікті сату кезінде құн өсімінен табыс (мүліктік табыс) алған не пәтерді жалға беруден табыс алған жеке тұлғалар тапсыруға міндетті.
Бұл ретте, меншік құқығы тіркелген күннен бастап 12 айдан аз уақыт шегінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, тұрақ орындары, көлік құралдары, тіркемелер, жеке қосалқы шаруашылық объектілері сатылған жағдайдағы құн өсімі ғана мүліктік табыс болып есептеледі. Мүліктік табыстан алынатын жеке табыс салығы 10% мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Салықты 10 сәуірге дейін төлеу керек.
Жеке табыс салығы бойынша декларацияны e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы арқылы, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарына келіп қағаз түрінде ұсынуға болады.