"Жедел жәрдемді бірге шақырғанымызды айт, әйтпесе мен сені қарғаймын". Байжанов Бишімбаевтың қысымы туралы айтты
Бишімбаевтың қорғаушысы бұл әңгімені тыңдау үшін аудио және бейнематериалдарды сұрайтынын мәлімдеді.Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша екінші сотталушы Бақытжан Байжанов елордалық сотта жауап беруін жалғастыруда. Бұрынғы сот отырыстарының бірінде Бақытжан Байжанов Қуандық Бишімбаевтың өзіне қысым көрсетіп жатқанын айтып, оларды бір-бірінен алшақ отырғызуды сұраған.
Прокурор Байжановтан осы жайтты түсіндіруді сұрады.
"Бишімбаев "Жедел жәрдемді бірге шақырғанымызды айт" деді, олай айтпасам: "Сен өзің де осындай жағдайға тап бол, балаларың осыны бастан өткерсін" деп қарғайтынын айтты", – деп жауап берді сотталушы.
Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова келесі сотта бұл әңгімені тыңдау үшін аудио-бейне жазба материалдарын сұрайтынын айтты.
"Негізінде бұл жазба әлеуметтік желілерде де бар. Онда Байжанов: "Ол жан-жақты қысым көрсетіп жатыр" дейді. Яғни, бұл қазіргі уақытта емес, жалпы басқа уақыттарда да солай еткен", – деп түсіндірді Бақытжан Байжановтың адвокаты.
Оқи отырыңыз: "Бұл – бұзылған төртінші есік". Байжанов жанжал кезінде Бишімбаевтың өзін қалай ұстағанын айтып берді
Байжановтың айтуынша, мұндай әңгімелер сот залынан тыс жерде, сот ғимаратының бірінші қабатында болған.
"Ол маған мұны бірінші қабатта айтты. Ол жақта бізді бірге отырғызған. Тыңдасаңыздар болады. Тергеу изоляторында анда-санда кездесіп қалатынбыз. Бишімбаев маған Салтанатқа мүсәтір бергенін көргенімді айт деді, бірақ мен ол кезде сыртта болдым", – деп жауап берді ол.