Елімізде жастарды әскерге көшеден күштеп әкетіп жатқан жайттар көпшіліктің ашуын туғызды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Желіге таралған бейнежазбаларда бозбалалар әскери комиссариат қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, қашып кеткендерін де көруге болады. Тіпті, оқиғаға полиция қызметкерлері жиі араласады.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері мұндай рейдтер еліміздің барлық аймағында жүргізіліп жатқанын жеткізді. Себебі, Отан алдындағы борышын өтеуге ынтасы жоқ жас жігіттер жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмейді екен.

Жауапты ведомство өкілдері әскери қызметті кейінге қалдыру мүмкіндігін биыл 700 мың азамат пайдаланғанын айтады. Олардың қатарында студенттер, мүгедек жандар, үйленген, балалары бар азаматтар бар. Қазір аталған сала цифрлық жүйеге өтіп жатыр. Соған сай, әскерге шақыру, босату және кейінге қалдыру SMS-хабарлама арқылы жеткізіледі.

Бірақ қағаз түрінде әскерге шақырту қолданыстан алынбайды. Себебі кей азаматтардың ұялы телефон нөмірі базада тіркелмеген.

Ал Қорғаныс министрлігінің өкілдері өз еркімен келушілердің қатары азайған соң осылай аңдып жүріп, алып кетудің амалын жасауға мәжбүрміз деп отыр. Бұл әрекет заңға қайшы емес екен.

"Рейд кезінде кейбір азаматтар Ішкі істер қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай қарсылық көрсетіп жатады. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктеріне жеткізуге құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген азаматтардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйлеріне жібереді", – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру - жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Руслан Омаров.