Жас ғалымдарға тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие берілмек
Профессор дәрежесі бар ғалымдарға қосымша үстемақы төлеу мәселесі қарастырылып жатыр.Парламент депутаттары ғалымдарды әлеуметтік қолдау бойынша заң жобасын талқылап жатыр. Осы заң жобасының аясында жас ғалымдарға тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие беріледі, деп мәлімдеді депутат Асхат Аймағамбетов.
Мұнымен қатар депутат профессор дәрежесі бар ғалымдарға қосымша үстемақы төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
"Әртүрлі әлеуметтік қолдау нормаларын енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ ғалымдардың үздіксіз жалақы алу мәселесін қарастыратын боламыз. Жас ғалымдарға несие беру ережесі мен талабы министрліктің тиісті бұйрығы шыққаннан кейін белгілі болады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Еске салсақ Қазақстанда ғалымдарға арналған 7 сыйлық пен 75 стипендия тағайындалғаны туралы хабарлаған едік. Осы стипендиялардың үштен екісі жас ғалымдарға арналған.