"Жапония оқушылары 6, ал Қазақстанда неге 16 пән оқиды". Дүйсенованың жауабы қандай
Қазақстанда міндетті оқу пәндерінің саны көп елдегіден 2,5 есе көп.Таяуда Сенат депутаттары мектеп бағдарламасында міндетті пәндер саны тым көп екенін мәселе етіп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын.
"Педагогикалық ғылымдар академиясының ғалымдарының салыстырмалы зерттеулері бойынша, бүгінгі күні сапалы білім берудегі озық елдер Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия мен Канадада мектеп оқушылары 7-8 сыныпта нақты ғылым салаларына қатысты 4-тен 6 пәнге дейін ғана оқитын болса, бізде Қазақстанда 15 пән, ал 9 сыныпта тіпті 16 пән оқытылады. Міндетті оқу пәндер саны Қазақстанда екі жарым есе көп. Мұндай шамадан тыс пәндердің жалпы саны әлемдегі бірде бір дамыған елде жоқ", – деген болатын депутаттар.
Сенат сайтында осы сауалға Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабы жарияланды. Қазақстандағы білім беру ісі осы саладағы Ұлттық баяндама аясында көзделген міндеттерді орындау негізінде жүзеге асырылатынын атап өткен ол депутаттардың пән саны бойынша сұрағына нақты жауап бермеді.
"Оқу бағдарламаларының мазмұнына ұлттық құндылықтар интеграцияланып, тәрбиелік компонент күшейтілді, тақырыптар көлемі оңтайландырылды. 2 Бұл ретте оқытылатын пәндердің көлемін кеңейтуге емес оларды тереңдетіп оқытуға басты назар аударылатын болады. Нәтижесінде білім алушыға тақырыпты қайталауға және пысықтауға арнайы оқу уақыты бөлінді. Сонымен қатар оқу жоспарлары инвариантты (міндетті) компоненті бойынша оқу жүктемесін төмендету және оның вариативтік (таңдау) компонентінің оқу жүктемесін көбейту көзделеді", – деген Тамара Дүйсенова бұл мәселені депутаттық корпуспен талқылауға дайын екенін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Бала үшін жеке мектеп дұрыс па, мемлекеттік мектеп дұрыс па?