Қыркүйек айының басында "Дельта" штамының 15 мутациясы анықталды. Алайда олардың эпидемиологиялық маңызы болмады, деп мәлімдеді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

"Қазір штамм мутацияланып, Еуропа мен Ресейдегі жағдай қатты ушықты. Шекаралас жатқан Ресей Федерациясында індеттің таралу қарқыны өткен жылғы шарықтау шегінен де асып түсті. Мұның адамды қорқытатыны сөзсіз. Алдын алу шараларын қабылдап, мегаполистегі бақылау күшейтілді. ДДСҰ мәліметінше, Ұлыбритания, Румыния және Балтық жағалауы елдері коронавирустың таралуы бойынша антирекорд орнатып отыр. Сол себепті Ресейден ғана емес, Еуропадан келгендерге де бақылау күшейтілді", – деді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ, департамент басшысы тұрғындарды екпе алуға және вакцина салдырған азаматтарды түсіндіру жұмыстарына қосылуға шақырды.

"Адамдар "Дельта" штамының қаншалықты қауіпті екенін ұғыну үшін оның салдарын түсіндіріп отыруларыңызды сұраймын. Бастапқыда диарея синдромы басым болса, қазір жүйке-токсикалық синдром көп кездеседі. Осының салдарынан адамның миына зақым келіп, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Адам коронавируспен ауырып шыққан соң да, оны постковидтік синдром мазалайтын болады. Осы синдром әсерінен көз жұмғандар да көп. Осы орайда, қалмай екпе алуларыңызды, көпшілік шоғырланған жерлерге бармауларыңызды сұраймын", – деп өтініш білдірді Жандарбек Бекшин.

Әрі қарай дәрігер Ресей Федерациясымен арада екпе паспортын бірге мойындау туралы келісім жоқ екеніне тоқталды. Осыған байланысты шекарадан өткен азаматтардан 72 сағатқа дейін жарамды ПТР-тест нәтижесі сұралады.

"Алматы қаласында тараған штамдардың 95%-ын "Дельта" құрайды. Қазір "Дельта плюс" штамымен жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, "Дельта" штамында қандай өзгерістер болып жатқанын бақылаудамыз. Қыркүйек басында зерттеу жүргізіп, "Дельта" штамының 15 мутациясын анықтадық. Бірақ олардың эпидемиологиялық маңызы болмады", – деп қосты Жандарбек Бекшин.