Елімізде жаназаға жиналған жұртқа ақшадан шашу шашқандар халықтың сынына ілікті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімін той секілді өткізу дұрыс емес дейді көпшілік. Бұл әрекетті имамдар да құптамайды. 

Көптің талқысына түскен видео әлеуметтік желіге таралды. Жазбадан ақ матаға оранған мәйітті туыстарының көтеріп келе жатқаны көрінеді. Сол сәтте бірнеше азамат жиналған жұртқа ақша шашады. Ал марқұммен қоштасуға келгендер одан сайын шулап, жерге түскен қаражатты алып жанталасады. 

Аталған оқиға нақты қай өңірде болғаны әзірге белгісіз. Желіде бұл 103 жасқа келіп қайтыс болған әжейдің соңғы сапары екені жазылған. Сондықтан ғасырдан аса жасаған қарияға жақындары осылай құрмет жасаған көрінеді. Алайда мешіт имамдары қайғылы қазаны қуанышты күн секілді ұйымдастырып, ысырапшылдыққа жол беру Ислам дінінде рұқсат етілмеген деп отыр. 

"Қай жасқа келген жақынымыздан айырылсақ та бұл біз үшін ешқашан той болмақ емес. Шашу деген нәрсе тойға тән дүние. Яғни, келін келгенде шашу шашады, қуанышта шашу шашады. Адам қаза болғанда шашу шашуды дінімізде, дәстүріміз де жалпы сау адамның ақылы оны қабылдамайтын дүние", – деді Ақмешіт-Сырдария мешітінің наиб имамы Жақсыбек Әбиұлы.