Енді елімізде жаңа жүргізушілер үшін міндетті автоcақтандыру құны арзандауы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу агенттігі сақтандыру жүйесіне өзгеріс енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.. 

Яғни, алғаш рет полис алғандар енді жоғары тарифпен төлемейді. Темір тұлпар тізгіндеушілерге қатысты жаңа норма жайлы әріптесім Серік Дәрменұлы айтады. Көктемнен бастап алғаш рет сақтандыру рәсімдегендерге жаңа "А" cанаты беріліп, коэффициент 1,8-ге көтерілген болатын. Бұл бұрынғы көрсеткіштен бір жарым есеге қымбат. Енді жаңа жүйе күшіне енсе, жүргізушілердің сақтандыруға төлейтін қаражаты әжептеуір азаяды. 

Коэффициенттерді "бонус-малус" жүйесі есептейді. Ол жүргізушінің тәжірибесіне қарай тарифті қымбаттатады немесе арзандатады. Енді қаржы нарығын реттеу агенттігі "А" санатын алып тастап, жаңадан келгендерге бұрынғыдай "3-класс" беруді ұсынып отыр. 

Негізгі өзгерістер мен толықтырулар келесі мәселелерге қатысты: 

  • сақтандырушының Бірыңғай сақтандыру дерекқорына берілетін ақпараттың анықтығы үшін жауапкершілігін белгілеу; 
  • Коэффициенттерді "бонус-малус" жүйесімен, оның ішінде мемлекеттік дерекқорларға қолжетімділік шектеулі болған жағдайларда есептеу тәртібін нақтылау; 
  • ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми мәлімдемесі: Әрбір жүргізушіде міндетті сақтандыру болуы шарт. Ол - жол апаты кезінде зардап шеккен тараптың шығынын өтеп береді. 

"Жаңа көлік жүргізушісінің тәжиірбесі жоқ. Ол міндетті түрде, жол көлік оқиғасын жасайды. Бірінші жылы. Жол патрульдік полициясының статистикасын алға тартсақ болады. Әр оқиға болған сайын, 600 айлық есептік көрсеткіштен бере берсе, әрине сақтандыру компаниялары шығынға ұшырайды", – деді сақтандыру компаниясының жетекші маманы Ернар Тлеубергенов. 

Енді қазақстандық жүргізушілер үшін міндетті автоcақтандыру құны аздап жеңілдеуі мүмкін. Бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Құжат қазір қоғам талқысында.