Жаңа Конституцияның бірінші жобасы кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұрады
Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясының бірінші жобасын дайындады. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов комиссияның кезекті отырысында хабарлады.
Оны дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілген. Жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
"Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты", – деді Бақыт Нұрмұханов.
Ол адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылғанын атап өтті.