Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр Жолдауында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" пен "Әділетті мем­лекет" құру сөз болады. Ол үшін қазақстандықтарды алаңдататын мәселелерге құлақ асып қана қоймай, дұрыс әрі әділ шешімін табу маңызды. Сондықтан мемлекеттік органдар тек азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог орнату қажет.  

Осы тұжырымдама аясында азаматтардың өтініш-тілегін қабылдайтын "e-Otinish" порталы және "Халық қатысатын бюджет" жобасы жұмыс істейді.

"Жаңа Конституцияда қоғамдық бірлестіктердің заң алдында тең екендігі және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бір-бірінің істеріне заңсыз араласуға құқығы жоқ екендігі қағидаты бекітілген. Бұл тәсіл азаматтық қоғамның әлеуметтік-саяси процестердегі тәуелсіз субъект ретінде танылатын өзара іс-қимыл үшін түбегейлі жаңа негіз жасайды. Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық белсенділер үшін бұл олардың қызметінің дербестігін Ата Заң деңгейінде бекіту дегенді білдіреді. Жаңа конституциялық нормалар мемлекет пен азаматтық қоғамның серіктес ретінде өзара әрекет ету моделін қалыптастырады", – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Әмина Үрпекова.

Жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі референдум өткізу арқылы шешілді. Азаматтар Конституцияны қабылдаймын немесе қабылдамаймын деп дауыс берді. Референдум нәтижесінде дауыс беруге қатысқан халықтың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. 

"Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру қоғамдық пікірдің тек қолданыстағы шешімдерге реакция ғана емес, оған қоса заң шығару ұсыныстарының тәуелсіз көзі бола алатынын білдіреді. Осылайша, азаматтық қоғам кеңесші рөлінен заң шығаруға қатысушы рөліне ауысады", – деді Әмина Үрпекова.

Жолдауда азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналу және "Адал азамат" тұжырымдамасы туралы да айтылады. Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдары егіз, себебі адалдық жоқ жерден әділдік іздеу мүмкін емес. Билік пен қоғам арасындағы диалог сапасын арттыру үшін әр адам адалдық пен әділдікті ту етіп, заң мен тәртіпке бағынып, сөзі мен ісі үшін жауап беруі керек.